"Енді мыңдаған теңгеміз қалтамызда қалады" деп қуанған ұстаздар қауіптерін де жасырмады

"Енді мыңдаған теңгеміз қалтамызда қалады" деп қуанған ұстаздар қауіптерін де жасырмады

Жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ өткізілмейтіні мұғалімдер арасында қызу талқыланып жатыр. Кей педагогтер бұл өзгерістің ең үлкен пайдасының бірі – қағаз шығыны мен артық жұмыстың азаюы екенін айтып отыр, деп жазады Democrat.kz.

Threads қолданушыларының бірі Тамыз кеңесінен кейін:

«Бастауыш буында ТЖБ-ны алып тастапты. Енді бір бума А4 қағазы үнемделді. Қалтамызда тоқсан сайын 2200 теңге қалатын болды», – деп жазған.

Жазба астына пікір қалдырған мұғалімдердің бір бөлігі бұл жаңалықты қуана қабылдаған.

«2200 теңге былай тұрсын, қаншама еңбек, уақыт, жүйке талшықтары сақталатын болды», – дейді бір педагог.

Тағы бір мұғалімнің сөзінше, кей мектептерде бағалау жұмыстарына жұмсалатын қағаз шығыны бұдан да жоғары болған:

«4400 теңге қалтада дейміз, бірақ 6600 теңге кететіндей болады ғой».

БЖБ мен ТЖБ орнына не болады?

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ болмайтынын бұған дейін ресми мәлімдеген. Өзгеріс тек бастауыш буынға қатысты.

Дегенмен бұл балалардың білімі мүлде бағаланбайды деген сөз емес. Жаңа жүйеде формативті бағалаудың үлесі тоқсандық бағаның бұрынғы 25 пайызынан 50 пайызға дейін артады. Мұғалім оқушының бір реттік бақылау жұмысын ғана емес, сабақ барысындағы күнделікті еңбегін де көбірек ескеретін болады.

Желіде кей мұғалімдер бұрынғы диктант, мазмұндама, шығарма және бақылау жұмыстарына қайта оралу жеткілікті деп санайды.

«Диктант, мазмұндама, шығарма, бақылау жұмысын жазса да жеткілікті. Кезінде бізді осылай оқытты ғой», – деген пікір де айтылған.

Ал енді бірі «ТЖБ-ның орнына диктант пен шығарма қайта көбейіп кетпей ме?» деп алаңдайды.

Қағаз шығыны да азаюы тиіс

Бұл мәселе тек мұғалімнің қалтасындағы ақшаға қатысты емес. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұған дейін бастауыш сынып мұғалімі БЖБ мен ТЖБ өткізу үшін жылына 4 мыңға жуық парақ қағаз жұмсайтынын айтқан еді.

Сондықтан жаңа жүйе бастауыш сыныптағы баланың бағалау жүктемесін азайтумен қатар, мұғалімнің қағазбастылығы мен материалдық шығынын да қысқартуы мүмкін.

Әзірге мұғалімдердің көңіл күйі оптимистік. Бірақ олардың бір сұрағы бар: БЖБ мен ТЖБ алынып тасталғаннан кейін оның орнына тағы бір жаңа қағазбастылық келіп жүрмей ме?

«Асықпаңыз, әлі бірдеңе табары сөзсіз» деген пікірге жазба авторының өзі де:

«Содан қорқып отырмыз», – деп жауап берген.

Барлық жаңалықтар