Ереже адам оны сақтағанда ғана жұмыс істейді: Қазақтелеком маманы байқауда қалай жеңіске жетті

Ереже адам оны сақтағанда ғана жұмыс істейді: Қазақтелеком маманы байқауда қалай жеңіске жетті

Азамат Ахметов Қарағанды қаласындағы "Қазақтелеком" компаниясында бес жылдан бері еңбек етеді. Ол қолжетімділік желісін пайдалану департаментінің желілік ресурстарға техникалық қолдау көрсету орталығында инженер қызметін атқарады. Бұл мамандықты жастайынан саналы түрде таңдаған. Заманауи технологияларға қызығып, техникалық процестердің қыр-сырын білуге ұмтылды. Ақаулардың себебін тауып, желінің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету оны әрдайым шабыттандырады.

Қазіргі таңда маман жабдықтардың жай-күйін бақылайды. Түрлі ақауларды талдап, оларды жөндейді. Техникалық жұмыстарды орындап, желілік ресурстардың тұрақты жұмысына жауап береді. Телекоммуникация саласы бір орында тұрмайды. Жаңа технологиялар маманға үнемі кәсіби өсуге және жаңа міндеттерді игеруге мүмкіндік береді.

Байланыс инженерінің әрбір жұмыс күні қауіпсіздік минутынан басталады. Әріптестер жиналып ықтимал қауіп-қатерлер мен олардың алдын алу шараларын талқылайды. Содан кейін ғана құрылғыларға мониторинг жасауға кіріседі. Апаттық және техникалық өтінімдерді өңдеп, ақауларды жояды. Қажет болса тікелей нысандарға барып жұмыс істейді.

Телекоммуникациялық жабдықтарды баптау және апаттық жағдайларды реттеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кішкентай ғана қателік талай абонентті байланыссыз қалдыруы мүмкін. Сол себепті кез келген жағдайды мұқият талдап, бекітілген талаптарды қатаң сақтау керек.

Бұл салада қызметкерлер күн сайын күрделі электр қондырғыларымен жұмыс істейді. Тәуекел факторы өте жоғары. Сондықтан қауіпсіздік кәсіби мәдениеттің ең басты бөлігі саналады. Биыл Азамат "Jas Telecom" жастарымен бірлесіп ұйымдастырылған "Мен және қауіпсіздік" байқауында жеңімпаз атанды. Жарысты компанияның Өндірістік қауіпсіздік дирекциясы өткізді.

Жеңімпаздың байқауға ұсынған басты идеясы өте қарапайым. Ең мықты нұсқаулықтың өзі адам оны саналы түрде орындағанда ғана нәтиже береді. Қауіпсіздік әр қызметкердің жеке жауапкершілігінен басталуы қажет.

Бұл ұстанымның дұрыстығы өмірде нақты дәлелденген. Бірде маңызды тапсырманы орындау барысында қауіпті жағдай туындайды. Жұмысты тез бітіру керек болса да, процесті дереу тоқтату туралы шешім қабылданады. Тәуекелдер қайта бағаланып, барлық кемшіліктер түзетілді. Нәтижесінде іс аман-есен, ешқандай оқиғасыз аяқталды. Жұмысты дер кезінде тоқтата білу өте ауыр салдардың алдын алады. Тәуекелді дұрыс бағалаудың маңызы осындай кезде айқын көрінеді.

Тәжірибелі маман жас әріптестеріне құнды кеңес береді. Үйренуден ұялмау, үнемі сұрақ қою және тәлімгерлерді мұқият тыңдау өте маңызды. Тәжірибе уақыт өте келе жиналады. Ал қауіпсіздік алғашқы жұмыс күнінен бастап бірінші орында тұруы тиіс. Осындай дұрыс көзқарас ұжымда қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастырады.

Барлық жаңалықтар