Танымал әнші Ерке Есмахан тыңдармандарына “Дауыс” атты жаңа альбомын таныстырды. Музыкалық жоба ретро бағытта жазылып, қазақ эстрадасының алтын қорына енген шығармаларға жаңа тыныс беруді мақсат еткен деп жазады Democrat.kz. сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Жинаққа барлығы тоғыз ән енген. Олардың қатарында “Наз”, “Бұрымы аппақ Анашым”, “Әлди-әлди”, “Гүлдер-ай”, “Тарам-тарам”, “Бақытты қыз”, “Сен”, “Өзіңді сүй” және RaiM-мен бірге орындалған “Алматы” композициясы бар.
Әншінің айтуынша, бұл жоба – қазақ музыкасының тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған өнер майталмандарына деген құрметтің белгісі. Сондықтан альбомдағы әр әнге жеке бейнебаян түсіріліп, олар тыңдарманға бір мезетте ұсынылды.
Жаңа альбомының жарыққа шығуына орай Ерке Есмахан әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарына алғысын білдіріп, көптен күткен еңбегінің сәтті аяқталғанын айтты.
“Дәл қазір арқамнан жүк түскендей күй кешіп отырмын. Қуанышым қойныма сыймайды. Осы жоба маған ерекше шығармашылық ләззат сыйлады. Енді әндерді тыңдап, бейнебаяндарды көргеннен кейінгі әсерлеріңізбен бөлісіңіздер”, – деп жазды өнер иесі.
Альбомның музыкалық тұжырымдамасын әзірлеуге және аранжировкалық жұмыстарына RaiM де атсалысқан.
“Әр әннің астарында сезім, әр әуеннің өз жаны бар сияқты”
Альбом жарық көргеннен кейін тыңдармандар әлеуметтік желіде әсерлерімен бөлісе бастады. Көпшілік Ерке Есмаханның ұзақ үзілістен кейін сапалы әрі тұтас музыкалық жобамен оралғанын атап өтті
“Құлаққа да, көзге де ерекше әсер сыйлады. Ерке Есмахан қанша жылдан бергі сапалы ән мен бейнебаянға деген сағынышымды басты. Бала кезімнен сүйіп тыңдайтынмын, әлі күнге дейін сүйікті әншілерімнің бірі”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Тағы бір тыңдарман альбомдағы әр әннің өзіндік сезімі мен мінезі бар екенін жеткізген.
“Бұл не деген дауыс, не деген идея, не деген нәзіктік! Әр әннің астарында сезім, әр әуеннің өз жаны бар сияқты. Ұзақ үзілістен кейін осындай сапалы, жүрекке жететін дүниемен оралғаны қуантады”, – дейді ол.
Көпшіліктің ерекше назарын марқұм Мәдина Ералиева орындаған “Наз” әнінің жаңаша нұсқасы аударды. Ерке Есмахан ел жадында сақталған туындыны өзіндік нәзік мәнерімен орындап, оған арнайы бейнебаян түсірген. Тыңдармандар әннің бастапқы болмысы сақталғанын, сонымен қатар оған жаңа тыныс берілгенін жазып жатыр.
“Мәдина апайымыздың әнін қайта орындау идеясы ерекше әсер қалдырды. Бір сәтке сол кісінің өз дауысын естіп отырғандай болдым. Өте нәзік, шынайы әрі құрметпен жеткізілген”, – деп пікір білдірді тыңдармандардың бірі.