"Еркектік міндетін атқара алмайды": Уролог еркектеріміздің денсаулығына қатысты сұмдық жайттарды айтты

"Еркектік міндетін атқара алмайды": Уролог еркектеріміздің денсаулығына қатысты сұмдық жайттарды айтты

Қазақстандық уролог Асхан Абзалбеков жастар арасында репродуктивті денсаулыққа қатысты мәселелердің жиілеп бара жатқанын айтты. Дәрігердің сөзінше, оның қабылдауына жыныстық және репродуктивті денсаулығына шағымданатын жас азаматтар да келеді. Бұл туралы маман журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында айтты, деп жазады Democrat.kz.

Асхан Абзалбеков қазіргі жастардың өмір салтына, әсіресе энергетикалық және газдалған сусындарды шамадан тыс тұтынуына назар аударды.

«Маған келетін көптеген пациенттің қолынан энергетикалық сусындарды жиі көрсеңіз болады. Олар таңертең су ішудің орнына күнді газдалған немесе энергетикалық сусындардан бастайды», – деді уролог.

Дәрігердің пікірінше, ағзаны үнемі сыртқы стимуляторлардың көмегімен сергіту оның табиғи жұмыс ырғағына кері әсер етуі мүмкін. Оның айтуынша, қазіргі жастар сырттай ерте жетілгендей көрінгенімен, ағзаның ішкі жағдайы әрдайым соған сәйкес келе бермейді.

«Қазір байқасаңыз, жастардың бойы тез өсіп, ерте жетілгенімен, олардың ағзасы да тым ерте қартаяды. Косметологияның арқасында сырт келбет қартаймауы мүмкін, бірақ ішкі ағза мүлде басқа күйде болады», – деді ол.

Маман мұндай жағдайдың кейін отбасылық өмірге де әсер ететінін айтады. Оның тәжірибесінде бала сүйе алмай жүрген немесе жыныстық денсаулығына қатысты проблемасы бар жас отбасылар кездескен.

Урологтың есінде ерекше қалған жағдайлардың бірі – небәрі 21 жастағы жігіт.

Асхан Абзалбековтің айтуынша, жас жігіт 20 жасында отбасын құрған. Арада бір жыл өткенде ерлі-зайыптылар арасында жанжал көбейіп, мәселенің себебін анықтау үшін ата-аналарымен бірге дәрігерге жүгінген.

«Келіншегінің айтқан ең бірінші сөзі: “Күйеуім еркектік міндетін атқара алмайды. Бала тумайсың деп мені кінәлай бересіздер, бірақ бала болу үшін тиісті әрекет жасалуы керек қой”, – болды», – деп еске алды дәрігер.

Урологтың сөзінше, тексеру барысында 21 жастағы азаматтың жыныстық функциясына қатысты күрделі мәселе анықталған.

«Яғни 21 жастағы азаматта еркектік қабілет мүлде жоғалған. Мұндай ауыр жағдайлар сирек кездескенімен, есте қатты сақталып қалады», – деді Асхан Абзалбеков.

Дәрігер жастарды денсаулыққа ерте жастан мән беруге, ұйқы, тамақтану, қозғалыс пен зиянды әдеттерге немқұрайды қарамауға шақырды.

Барлық жаңалықтар