Ермек Әбдірасұлов: "Жаңа Конституция мен Құрылтайдың мәртебесі биік болады"

Ермек Әбдірасұлов: "Жаңа Конституция мен Құрылтайдың мәртебесі биік болады"

Бүгін Парламенттің осы шақырылымдағы соңғы бірлескен отырысы өтіп, заң шығарушы орган өз жұмысын жоғары деңгейде қорытындылады, деп хабарлайды Democrat.kz. сайты  Sn.kz -ке сілтеме жасап. 

Биылғы сессия ел тарихындағы ең ауқымды реформалармен және конституциялық өзгерістерді құқықтық тұрғыдан тиімді бекітумен есте қалмақ. Депутаттар корпусы мемлекеттің саяси архитектоникасын жаңартуға және мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған стратегиялық заң жобаларын қабылдап, маңызды тарихи шешімдерге ұйытқы болды. Саяси реформалардың логикалық жалғасы ретінде заң шығарушы билік пен басқару жүйесіиің функциялары сәтті трансформацияланып, алда жаңа Құрылтай құрылады. Бұл институт мемлекеттік биліктің негізгі тіректерінің біріне айналып, ел дамуына жаңа серпін бермек.

Отырыс барысында атап өтілгендей, биылғы заң шығарушылық кезең еліміздің болашақ даму бағдарын айқындауда тарихи маңызға ие болды. Тәуелсіз саясаттанушылар мен заңгерлер қауымдастығының пікірінше, референдум қорытындысы бойынша қабылданған жаңа Конституция халықтың бірлігі мен саяси жаңғыруға деген қолдауын толық көрсетті. Осы орайда, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жүйелі реформалардың заңнамалық базасын сапалы әрі жедел қалыптастыру миссиясы абыроймен орындалды. Ендігі кезекте Құрылтай институты мемлекеттік басқару жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеріп, билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалогтың алтын көпіріне айналатын болады.

Референдум нәтижесінде жаңа Конституция қабылданғаннан кейін елдегі саяси жүйеде Құрылтайдың орны мен рөліне қатысты оң пікірлер мен қызығушылық деңгейі арта түсті. Осы орайда заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдірасұлов бұл өзгерістердің құқықтық негіздеріне терең талдау жасады. Сарапшының пайымдауынша, жаңа конституциялық өзгерістер аясында Құрылтайдың мәртебесі өте биік болмақ. Ол – заңдарды қабылдау, негізгі мемлекеттік органдарды қалыптастыру, жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауға қатысу және Үкімет қызметіне парламенттік бақылау жасау өкілеттіктері бар мемлекеттік биліктің орталық институты ретінде қызмет атқарады.

Құрылтай ең жоғары деңгейдегі шешімдерді қабылдайды. Бұл ең алдымен заңнамалық шешімдер арқылы көрінеді, яғни конституциялық заңдар мен өзге заңдарды қабылдау ісін жүзеге асырады. Сонымен қатар мемлекеттік-саяси шешімдер қабылдау – соғыс және бейбітшілік мәселелері, сондай-ақ Қарулы Күштерді пайдалану сияқты стратегиялық бағыттарды айқындау да осы органның құзыретіне кіреді. Саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырушылық шешімдер де қарастырылған: ол Президент сайлауын жариялау және жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтере алады.

Кадрлық тұрғыдан алғанда да Құрылтайдың ықпалы мен жауапкершілігі айтарлықтай күшейеді. Орган Премьер-Министрді, Вице-президентті, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты судьяларын, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін, сондай-ақ Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім береді. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, олардың антын қабылдайды.

Бұдан бөлек, Құрылтай маңызды мемлекеттік бақылау функциясын да жүзеге асырады. Ол республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның есептерін талқылайды және бекітеді. Осы ретте депутаттардың бастамасымен Үкімет мүшелерінің есептері тыңдалып, заңдардың мүлтіксіз орындалуын қадағалау мақсатында тиісті ұсыныстар енгізіліп отырады. Бұл тетіктер мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен есептілігін арттыруға бағытталған.

Құрылтайдың ықпалы нақты конституциялық механизмдер арқылы жүзеге асады. Заң шығару механизмі, кадрлық тетіктер, бақылау, саяси-мемлекеттік және ұйымдастырушылық механизмдер арқылы бұл институт заң шығарушы биліктің орталығы, кадрлық және саяси шешімдер қабылдаудағы негізгі субъект екенін айқындайды. Оның нақты моделі мен жұмыс форматы заңнамалық нормалар арқылы толық айқындалып, ерекше ұлттық институт ретінде саяси жүйенің теңгерімділігін нығайта түспек. Конституциялық өзгерістер билік тармақтарының өзара тежемелік және тепе-теңдік жүйесін күшейтіп, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.

Барлық жаңалықтар