"Ермұрат аға, сізге не болды?" деген адвокат жан айқайын жеткізді

"Ермұрат аға, сізге не болды?" деген адвокат жан айқайын жеткізді
Белгілі адвокат Ләззат Ахатова әскердегі әлімжеттікке байланысты арнайы жазба жариялады деп жазады Democrat.kz. 
 
"Әскердегі әлімжеттік шектен шықты. Қазір ұл өсіріп отырған ата-ана баласын әскерге жібермес үшін жанталасатын болды. Себебі әскерге кетсе, табытпен келердей қорқады..
 
Талай бала қыршынынан қиылды. Қорланды, зорланды тіпті..Осы уақытқа дейін әскердегі талай сұмдықты естідік, көріп жүрміз. Талай отбасы бауыр еті баласын ер жетті, енді Отан-Ана алдындағы борышын өтесін деп, ақ батамен әскерге шығарып салып, артынан сау тамтығы қалмаған перзенттерінің өлі денесі мен табыт құшақтап, жүректері қан жылап, қалып жатыр..
 
Елімді қорғаймын деп кеткен азамат ұлдарынан айдың күннің аманында айрылып жатыр, қанша адам. Үкілеп өсірген, балаларының болашағынан үміт күткен қанша ата-ананың жүрегінде өшпес жара мен қалың қайғы қалды..
 
Ботасын жоқтап, аңыраған ана қайғысының орны ешқашан толмайды, олар өмір бойы тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, ақ сүт беріп өсірген перзенттерін жоқтаумен өтеді..
 
Жақында ұлдары әскерде қаза тапқан аналардың бір тобы Ақорданың қасында митингке шықты. Жанайқайларын жанымызбен түсіндік..Әсіресе аналар. Орынды талап, орынды жанайқай. Бұл сұмдық қашанға дейін жалғасады?! Жау қолынан елін қорғап жүріп, қаза тапса бір жөн, ал өз қандастарынан қорлық көріп, әлімжеттіктің құрбаны болу деген қасірет емес пе?!
 
Президент аналардың жанайқайын естіп, Бас Прокурор мен Қорғаныс министріне тапсырма бергенін көріп, “әйтеуір естіді-ау, енді әскердегі тәртіпті реттер” деген үміт үрейден бүріскен көңілдерді жылытқандай болды.
 
Ал енді бүгін бүкіл жаңалықтар мен лентада Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің осы жайтқа қатысты ойлары қайта-қайта алдымнан шығады. Тыңдап отырып, түңіліп кеттім.. 
 
Әскерде ешқандай әлімжеттік жоқ екен, ол кісінің айтуынша. Бұл әйелдердің артында Қазақстан әскерін әлсірету мақсатында жұмыс істеп жатқан күштер бар-мыс.
 
 Біреу “осы бізде неғылған көзге көрінбейтін, бітпейтін күштер?”-депті. Күйгеннен айтса керек. Күштер барына бар, оған күмән жоқ. “Ескі клан” деген термин де пайда болды ғой, Қаңтардан соң. Қазіргі Президенттің саясатын барынша бұрмалап көрсеткісі келетін топтың бары айқын. Сенеміз оған.
 
Ау, бірақ перзенті қыршын кеткен Аналардың қайғысынан саясат жасамаңыздаршы, өтініш.
 
Халық қалаулысы халықтың жанайқайын түсінбесе, ол да қасірет екен ғой..Сыйлаушы едім, Ермұрат ағамызды. Шыншыл, халыққа жақын деп. Не боп кетті, аға-ау?!
 
“Еркектер арасындағы қақтығыс, барлық жерде бар, ондай төбелес” депсіз. Қасақана қорлап, адам өлтіру мен төбелесті салыстыруға да келмейді ғой. Аса ауыр қылмыс жасағандарды жақтап тұрсыз ба, сонда?!
 
Бауыр еті баласы кісінің қорлығынан өліп, зар жылаған аналар шарасыздықтан осы қадамға баруға мәжбүр боп отыр емес пе? Қайдағы күштер, бұл жерде?!..
 
Мәжіліске барғандардың миын ауыстырып тастай ма, түсінбей, танымай қалдық қой, кей “қалаулыларымызды”?..
 
P.S. Әскердегі әлімжеттік жойылмаса, азамат ұлдарымызды қорлайтын малғұндар жазасыз қала берсе, қолына плакат алып, бүкіл қазақтың анасы түгел шығады, митингке! Сол жерде өліп кетсе де! Баласы үшін қандай ана болсын, өлімнен де қорықпайды! Қан қысымым көтеріліп кетті-ау, деймін" деп жазды Ләззат Ахатова.
Барлық жаңалықтар