Танымал әнші Нұрғали Нүсіпжанов әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм, ұлы актер Асанәлі Әшімовті жоқтап, ол туралы естелігін жариялады деп жазады Democrat.kz.
"Мөлдір мұң сыйлап кеткен тетелесім, телқоңырым, таланттым, тектім...
1937-жыл қазақ тарихындағы қаралы жылдар қасіретімен ел есінде,жұрт жадында…
Қазақтың сүт бетіндегі қаймағы қынадай қырылған сол шақты тарихшылар мың өліп,мың тірілген ұлттың ұлы трагедиясына балағалы қашан…
Есіңде ме,Асеке,екеуміз оңаша ойға батқанда-оққа ұшқан оғландар Ахаң, Жаһаң, Әлихан, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер тағдырын айтып тебіреніп,жиі толғанушы едік.
Біздің буын жазықсыз жапа шеккен сол Ағалардың орнын толтыру үшін Алла Тағалланың Алашқа берген перзенттерінің қатарынанбыз,-деп қабылдадық...
Қайтпас қайсар қазақтың кетігіне кірпіш болып қаланғанша асықтық…
Ұлылардың өздеріндей бола алмасақ та,ұлт марқасқаларының ізінен ерген інілері қандай болу керегін көрсетуге ұрандатпай-ақ үнсіз ұмтылдық…
Сол себепті біздің курстың жаман болуға қақысы жоқ еді…
Біз бір заманда Консерваторияның босағасын бірге аттаған ауыл балалары едік бәріміз…Тіреуіміз де,сүйеуіміз де болған жоқ. Жоқшылықты да көрдік,жетімдіктен де өттік…
Намысымызды ту қылдық,ақ уыз арманымыз асқақ,елге-жерге,салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға, туған тілімізге деген сый-құрметіміз,махаббатымыз биік еді…
Бойымызға Алла берген өнердің арқасында қазаққа қалтқысыз қызмет еттік және арзан дүниеге бой алдырмадық,атақ-абыройға мастанбадық…
Курстастығымыз, замандастығымыз жылдар өте келе ағайын-бауырлыққа ұласқан бақытты ұрпақтармыз…
“Господин,Нүсіпжанович” “Синьор,Нүсіпжанович”,-деп қоңырау соғып,қалжыңмен қағытып әдемі әзіліңмен іліп сөйлер Асекем-ау, тәлім көрген тектім-ау…
Өзіңмен қызметтес болған Қара шаңыраққа бардым,өкінішке орай, Өнер Академиясы да өзіммен қоса-қабат күрсінгендей, күңіреніп қарсы алды.
Өзіңсіз өткен 40-күн өзекте өксік, жан жабырқаулы…"деп жазды әнші.