"Ескі Қазақстанды" аңсайтындар ақшасын қайда құйып жүр?

"Ескі Қазақстанды" аңсайтындар ақшасын қайда құйып жүр?
«Замандас» «Ескі Қазақстанды» аңсай ма деген сауалмен жазба жариялаған журналист Ораз Әлімбеков өзекті мәселені сөз етті деп жазады Democrat.kz.
 
«Замандас» деген подкаст бар. Қанат Бейсекеев пен Ержан Алдабергенов жүргізеді. Қонақ шақырып, түрлі тақырыптарды талқылайды. Биліктің кемшілігін айтып, қателігін көрсетуге тырысатын жігіттер деп ойлайтынмын. Жөн әңгіме секілді көрінетін.
 
Бірақ өткенде сол Қанат Бейсекеевтің «қурмашында» блогер Асхат Ниязов пен «Жұрттың баласы» абайламай сөйлеп, сәл болғанда cancel culture-ді ұрынып қалуға шақ қалды. Сөйтіп, елді бір шулатып алған еді.
 
Осындағы эмоцияны ысырып тастап, қайтадан ой елегіне өткізіп көрдім. Байқасам, «Замандас» подкастында әрдайым тек билікті сынайды екен. Жүргізушілердің жағымды пікір айтып жатқанын аңғармадым.
 
 Есесіне, баяғыны аңсау басым секілді ме, бірдеңе. «Бақсам, бақа екен» демекші тым бірқырындап қисайып алуы бекер емес екен.
 
Естуімше, қазір «Замандасқа» «Ескі Қазақстанды» аңсап жүргендер қомақты қаржы құяды екен. Болат Өтемұратов, Нұрлан Смағұлов, Ғалымжан Есенов (Ахметжан Есімовтің күйеубаласы) секілді бірнеше адамның аты аталады.
 
Олардың елге жаны ашып бара жатқаны шамалы. Меніңше, олардың көздегені халықтың қамы емес, қалтасының қалыңдығы. Өйткені, Қаңтар оқиғасынан кейін «Ескі Қазақстанның» өкілдері бұрынғы аста-төк дәуренінен айрылып қалды.
 
Енді, бүкіл мүмкіндікті пайдаланып, сол заманды қайтарғысы келеді. «Замандасқа» қаражат құюының себебі де осында жатқан тәрізді.
 
Өкінішке қарай, «осылар дені дұрыс әңгіме айтып жүр» дегендердің артында «ескі қазақстандықтар» тұрғанын көргенде ішің ашиды ше. Түпкі мақсатын түсінген соң көңілің бұзылады.
 
Меніңше, «Замандастың» не істеп, не бітіріп жүргеніне дұрыстап назар аударып қойса, артық етпейді-ау, сірә"деп жазды журналист.
Барлық жаңалықтар