Ақын Файзулла Төлтай «Көрұйық» атты ерекше лекциялар циклын Алматы қаласында жалғастырады деп жазады Democrat.kz.
Алматы қаласында ақын Файзулла Төлтайдың «КӨРҰЙЫҚ» атты лекциялары өтуде.
Түркия мемлекетінде 10 жылға жуық білім алған ақын жобаны бастаудағы мақсатын: «Қазақстанға келгелі бірнеше айдың жүзі болды. Осы аралықта мәдени шок, жатсыну, үмітсіздік, менталитет өзгешеліктері сынды бірнеше психологиялық күйді бастан өткердік. Сонда елдің ішінде елсіреп жүріп, пікір таластыратын адамдар іздедік. Рас, таба алмадық. Сосын, іздеуді қойып, ең дұрысы интелектуалды дискурсқа негізделген пікірлер фабрикасын жасау және оларды топтастыру керек екенін ұқтық.
Осылайша, Алматы қаласында "Көрұйық" лекциялар сериясын қолға алуды ұйғардық. Бұл, бір жағынан пікірталас кеңістігін қалыптастыру болса, екінші жағынан тәуелсіз білімді нормализациялау.
Мұндағы "Көрұйық" - Асан Қайғының "Жерұйық" және Қорқыттың "Көр" концептісін деконструкциялау арқылы ештеңе ішінен ештеңе іздеуді, жоқтан жоққа ұмтылуды мақсат тұтады», - деп түсіндіреді.
Иә, қазірде интеллектуал орта аз, мәдени құлдырау, үмітсіздік жайлаған қоғамда осы тақырыптар бойынша әр екі апта сайын түрлі тақырыптарды қозғамақ.
Алдағы лекция — «Орталықсыз ойлау: Делёз бен Гуаттаридің философиясы» тақырыбына арналмақ.
Бұл лекцияда Жиль Делёз бен Феликс Гуаттаридің философиясындағы орталықсыз ойлау ұғымы, ризом, иерархияға қарсы ойлау модельдері, анти-эдип, минорлық күй, жұртсыздану, ағзасыз дене және т.б. концептілері қарастырылады.
Лекция барысында осы ұғымдардың философиялық, мәдени және әдеби байланыстары талқыланады. Осындай рухани ерекше лекцияға қатысам, тыңдаймын деген кісілерге кезекті лекция 8 ақпан Алматыда өтетінін хабарлаймыз. Қосымша ақпараттарды мына сілтемеге өтіп, анықтай аласыздар.