Парижде аптап ыстықтың салдарынан бір тәулікте 109 адам қайтыс болды деп хабарлайды Democrat.kz. сайты КурсивМедиа басылымына сілтеме жасап.
Franceinfo басылымының ақпаратында 26 маусымда Франция астанасында ауа температурасы шамамен 39 градусқа дейін жеткен. Дәл осы күні жедел жәрдем қызметкерлері 24 сағаттың ішінде 109 өлім жағдайын тіркеді.
Статистикаға тек дәрігерлердің үй мен қоғамдық орындарда тіркеген жағдайлары ғана кірген. Ауруханаларда болған өлім деректері бұл көрсеткішке енбей қалған.
Дәл осы кезеңде жедел жәрдем қызметіне 3,4 мыңға жуық шақырту түсіп, дәрігерлер жүрек тоқтап қалуының 30 жағдайын тіркеген.
Францияның Ұлттық жерлеу қызметтері федерациясының ресми өкілі Готье Катон аптап ыстықтан өлім-жітімнің көбеюіне байланысты Париждегі мәйітханаларда орын қалмағанын мәлімдеді.
«Қазір жағдай ушығып барады. Өлім жағдайлары тым көп тіркелді. Өкінішке қарай, Париждегі жерлеу бюролары жанындағы барлық мәйітханалардың лық толғанын растаймын», – деді Катон BMFTV эфирінде.