Ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің ұлы әкесі туралы ел білмейтін дүниелерді айтты

Ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің ұлы әкесі туралы ел білмейтін дүниелерді айтты

Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің ұлы Тимур Әубәкіров әкесінің отбасындағы болмысы туралы айтып, көпшілік біле бермейтін естеліктерімен бөлісті деп жазады Democrat.kz.

Қорғаныс министрлігінің ресми парақшасында жарияланған бейнежазбада ол бала күндерінде әкесін сирек көргендерін жеткізді. Өйткені Тоқтар Әубәкіровтің бүкіл өмірі ұшақ сынаумен, ғарышқа дайындықпен, сапарлармен және мемлекеттік қызметпен өткен.

«Әке ретінде айтар болсам, оның ұшқыш, сынақшы-ұшқыш, ғарышкер және мемлекеттік қызметші болған бүкіл кәсіби жолында біз оны өте сирек көретінбіз. Үнемі іссапарда, жолда жүретін», – деді Тимур Әубәкіров.

Оның айтуынша, әкесі зейнетке шыққаннан кейін ғана отбасы бірге көбірек уақыт өткізуге мүмкіндік алған. Қазір балалары Тоқтар Әубәкіровті қаһарман ұшқыш немесе ғарышкер ретінде ғана емес, немерелерін еркелететін мейірімді ата ретінде де жақыннан танып жүр.

«Қазір зейнетке шыққанына жиырма жылдан асты. Әрине, онымен жиі кездесіп, көбірек уақыт өткізе бастадық. Енді оны басқа қырынан, ата ретінде танып жүрміз. Немерелері мен немере қыздарының қасында қандай екенін көреміз. Олар атасына дегенін істетіп алады. Ал ол бұған қуана-қуана көнеді», – дейді ғарышкердің ұлы.

Тимур Әубәкіров әкесінің қызметтегі оқиғаларын үйге әкеліп, балаларына көп айта бермегенін де жасырмады. Ал ол кезде балалардың өздері де жас болғандықтан, авиация мен саясаттағы күрделі оқиғалардың маңызын толық түсіне қоймаған.

Соған қарамастан, олар әкелері жүріп өткен тарихи кезеңдердің үнсіз куәгері болды. Тоқтар Әубәкіров ғарыштан оралғаннан кейін отбасы онымен бірге Қазақстанның бірнеше өңірін аралап, халықтың тұңғыш ғарышкерді қалай қуана қарсы алғанын өз көзімен көрген.

«Біз авиациядағы және сол кездегі Кеңес Одағындағы оқиғалардың тікелей куәгері болдық. Ғарышқа ұшқаннан кейін еліміздің көптеген өңіріне бардық. Халықтың қалай қуанғанын, әкемізге қалай құрмет көрсеткенін көрдік», – деді ол.

Тимурдың сөзінше, Тоқтар Әубәкіров қызмет пен отбасын ешқашан араластырмаған. Балалары да әкесінің алдына жеке мәселелерін тықпалап, қызметіне араласуға болмайтынын кішкентайынан біліп өскен.

«Ол жұмыс пен үйді ешқашан араластырмайтын. Мұны бала күнімізден білдік. Сондықтан өз мәселелерімізбен оның жұмысына араласуға тырыспадық», – деді Тимур Әубәкіров.

Қазір Тоқтар Әубәкіровтің ұлдары ер жетіп, өз алдына отбасы болған. Алайда Тимур адамның жасы қаншаға келсе де, әкенің мейірімі мен ақыл-кеңесіне мұқтаж болатынын айтады.

«Қазір оның бізге көңіл бөлуге уақыты көбірек. Біз ересекпіз, қатты қамқорлықты қажет етпейтін шығармыз. Бірақ кез келген ұлға әкенің мейірімі, жылы сөзі, ақылы мен тілегі әрқашан керек», – деді ол.

Сөзінің соңында Тимур Әубәкіров әкесін 80 жас мерейтойымен құттықтап, отбасының оған деген ықыласын жеткізді.

«Қымбатты әке, сексен жасқа толуыңмен құттықтаймын! Бұл – біз үшін, үлкен отбасымыз үшін айрықша оқиға. Ең алдымен саған мықты денсаулық тілейміз. Туған жерің Қазақстанда сені бүкіл халықтың қаншалықты жақсы көріп, құрметтейтінін білеміз. Ал біз, сенің отбасың, сені мақтан тұтамыз және жақсы көреміз», – деді ғарышкердің ұлы.

Тоқтар Әубәкіров 2026 жылғы 27 шілдеде 80 жасқа толды. Астанада өткен мерейтойлық жиында ел басшылығы, шетелдік ғарышкерлер, сынақшы-ұшқыштар, қарулас жолдастары мен туған-туыстары қазақтың тұңғыш ғарышкеріне құрмет көрсетті.

Барлық жаңалықтар