"Гундяев Қазақстанға соғыс идеологы ретінде келіп отыр" деген қоғам белсендісі Сенат төрағасына ресми хат жолдады

"Гундяев Қазақстанға соғыс идеологы ретінде келіп отыр" деген қоғам белсендісі Сенат төрағасына ресми хат жолдады

Қоғам белсендісі Тұрарбек Құсайынов ҚР Парламенті сенатының төрағасы Мәлен Әшімбаевқа ресми хат жолдады деп жазады Democrat.kz.

"Құрметті Мәулен Сағатханұлы!

Сізге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы ретінде маңызды моральдық әрі адами мәселеге - Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Кириллдің (Гундяевтің) VIII Съезге қатысуына байланысты жүгініп отырмын.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі – диалог мәдениетін, өзара құрмет пен бейбітшілікті нығайтуға бағытталған бірегей халықаралық алаң ретінде бүкіл әлемге танымал.
Қазақстан бұл бастаманың негізін қалаушы ел ретінде рухани көшбасшыларды біріктіріп, қақтығыстардың алдын алу мен гуманистік құндылықтарды ілгерілетуде ерекше орын иеленеді.

Алайда, осындай миссияға соғысқа ашық түрде діни тұрғыда пәтуа берген Патриарх Кириллдің қатысуы қаншалықты дұрыс?!

Ол Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп отырған қарулы агрессиясын қолдап, украин халқын қырып-жоюды «рухани миссия» деп жариялады. Бұл -дінді соғыс пен өлімді ақтау үшін пайдаланатын жихадистік ұйымдардың риторикасынан еш айырмашылығы жоқ.

Оның үстіне, Патриарх Кирилл – өзі де православие сеніміндегі украин халқын өлтіруге арналған әскери қаруға өз батасын беріп отыр.

Аталмыш ұстаным – діннің мән-мағынасына жасалған өрескел бұрмалау әрі Съезд рухына мүлде қарсы.
Патриарх Кириллдің осындай мәлімдемелері мен әрекеттерін бейбітшілік жаршысы ретінде қабылдау мүмкін емес. 
Бұл – дін атын жамылған саяси насихат, әрі ол өте қауіпті әрі бүлдіргіш сипатта екенін баса айтқым келеді.

Мен, Қазақстан Республикасының азаматы және «Демос» қоғамдық бірлестігінің басшысы ретінде, Сізге мынадай жайтты да хабарлағым келеді:
2025 жылғы 4 тамыз күні мен Алматы қаласы әкімдігіне Ресей Федерациясының консулдығы алдында жеке пикет өткізу туралы ресми түрде ескерту жолдадым.

27 тамызда екінші рет Александр Невский храмының алдында пикет өткізуге хабарлама  жібердім.
Мақсатым – РПЦ Патриархы Кирилл Гундяевтің Қазақстанға келуіне қарсылық білдіру.

Алайда, Алматы қаласының әкімдігі екі жағдайда да тіпті жеке пикет өткізуге рұқсат бермей, мені бейбіт түрде азаматтық ұстанымымды білдіру құқығынан айырды. 
Бұл – Конституция кепілдік берген құқықтың бұзылуы деп есептеймін.

Гундяев Қазақстанға бітімгер ретінде емес, соғыс идеологы ретінде келіп отыр. 
Оның съезге қатысуы – бұл соғыста қаза тапқандардың рухына жасалған қорлау, миллиондаған жапа шеккен адамның бетіне түкіргенмен тең.

Қазақ халқы – бейбітсүйгіш, әділетті және ашық қоғам.
Ол соғысты насихаттайтын адамның келуін қолдамайды.
Қазақстан – адам өлтіру мен қиратуды ақтайтындарға мінбер болмауы керек.

Осы айтылғандарды ескере отырып,
Сізден VIII Съезде Патриарх Кириллге ресми сөз алу мүмкіндігін бермеуді сұраймын.
Бұл – Қазақстанның бейбітшілік, әділдік және шынайы рухани құндылықтар жағында екенінің нақты әрі қағидатты белгісі болар еді.

Сіздің басшылығыңызбен Съезд Хатшылығы өзінің басты миссиясына – діндерді қирату емес, өмір үшін біріктіру миссиясына адал болып қала беретініне сенемін" деп жазды "Демос" ҚБ төрағасы 
Тұрарбек Құсайынов.

Барлық жаңалықтар