Журналист Ерқанат Көпжасарұлы видео жариялап, қоғам белсендісі әрі ақын Танакөз Толқынқызының пікірімен келіспейтінін айтты деп жазады Democrat.kz.
Ол Танакөз Толқынқызының Facebook желісінде жазған жазбасын оқығаннан кейін қатты ашуланған.
«Танакөз Толқынқызының фейсбуктағы жазбасын оқып, телефонды қабырғаға лақтырып жібердім. Ашуландым. Себебі мен де адаммын. Адам болған соң әртүрлі мінез болады. Ұлт болған соң ұлттың ішінде де әртүрлі мінез бар. Сіз айтып отырған жағымпаздық, намыссыздық, жалған патриотизм, мұндай мінездер барлық ұлтта кездеседі. Бірақ бүтін бір халыққа тіл тигізетін сіз кімсіз, Танакөз ханым? Сізге мұндай құқықты кім берді?» – деді ол.
Сондай-ақ журналист мұндай пікірлер басқа елдердің Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуылына да себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды, сапасыз ұлтқа айналды деген сөздер – елімізді жамандап отырғандарға дайын аргумент берумен тең. Қазір кейбір адамдар үшін елге, тілге, дінге тіл тигізу ермекке айналып бара жатқандай. Бұл өте қауіпті үрдіс», – деді Ерқанат Көпжасарұлы.
Ол ұлттық құндылықтардың әлсіреуі, ана тілінің қолданылуының азаюы және азаматтық жауапкершіліктің төмендеуі мәселелерін көтеріп, қоғамдағы әлеуметтік-мәдени өзгерістерге алаңдаушылық білдірген еді.