Әлия Әшімді ақтаудың да жөні бар.Ол қазақ тарихына қатысты біраз еңбек жасады деп, ол қандай ерсі қылық көрсетсе де көпшіліктің “тәйіт” деуге қақысы жоқ па сонда?!
Әлия жеке тұлға. Оның ерсі қылығын жақтырмаған адам саны мыңнан асады. “Еңбек сіңірген” жалғыздыңкі дұрыс та, ал оның әдепсіз қылығына қарсы шыққан халықтың барлығыныңкі бұрыс болғаны ма?!
Нұрбек Түсіпхан, Ерлан Рысқали және басқа Әлияның адвокаттары!
Егер Әлияға шын жандарың ашыса, оған дос адам болсаңдар неге сендер оған халықтан кешірім сұра деп айтпайсыңдар?
Өткенде Мая Бекбаева деген билікшіл журналист қыздың “аузынан авария” болған кезде де ол кешірім сұрамады, оның еңбегі зор деп ақтайтындар болды.
Әлия Әшім де биліктің телеарнасының журналисі. ҚазТВ секілді қаражаты шылқыған телеарнаның журналисі болсақ, біз бәлкім одан да сапалы дүние жасап, көптің ризашылығына малынар ма едік, кім білсін. Бірақ оған бізді оппозиция емес, жау санайтын Ләззат Таңсықбай бастық өлсе де жолатпайды.
Қазақтың тарихи тұлғаларын баспасөз арқылы кеңінен насихаттауды бастаған “АҢЫЗ АДАМ” жобасы емес пе?!
Мая мен Әлия соның телевизиялық және деректі фильм нұсқасын жасап жүр.
Бұл жердегі айтпағым, Мая мен Әлия қандай ерсі қылық көрсетсе де, сол АҢЫЗ АДАМ-ның жоба авторы және журнал редакторы болған менің олардың басы артық сөз, ерсі қылығына “бұл мәдениетсіздік” деп сын айтуға ағалық қақым жоқ па?!
Әлеуметтік желідегі көпшіліктің барлығы тегіс оларды қарғап-сілеп, қатты сөз айтып жатқан жоқ қой. Көбі тентекті тиып, жөнге салу мақсатында пікір білдіріп отыр.
“Көптің аузына қақпақ бола алмайсың”.
Пікірлер арасында асыра сілтеп, соттау керек деп жатқандар бар. Бірақ Нұрбек бауырымның постына қарасақ, біздің бәріміз жағымсыз пікір иелерінің қатарына қосылып кетіппіз, артық кетіппіз.
“Халық айтса, қалып айтпайды”. Жекені қорғап, көпке ақыл айтарда сендер де ауызға абай болыңдар.
Әлияға жандарың ашыса, “сен қандай мықты болсаң да, халықтан биік емессің”, көптен кешірім сұра деңдер. Сонымен шу басылады.
Құрметпен, Жарылқап Қалыбай.