"Хернямен айналысып" деген журналист Еділ Жаңбыршинді сын тезіне алды

"Хернямен айналысып" деген журналист Еділ Жаңбыршинді сын тезіне алды
Танымал журналист Тоқтар Жақаш депутат Еділ Жаңбыршин жалаулатып жүрген заңның астарын ақтарып, сынап, қарсылығын білдірді деп жазады Democrat.kz.
 
"Елде экономикалық және гуманитарлық проблемалар толып жатқанда "сплошной хернямен" айналысатын депутаттар қайдан шыға береді? Еділ Жаңбыршин деген "Құдайдан қалап алған" қалаулымыз жаппай репрессияға жол беретін, одан әрі сөз бостандығына мүлдем тыйым салатын заң жобасын ұсынып отыр.
 
Онысын "әлеуметтік желідегі мәдениет" деген әдемі сөзбен бүркеп тастапты.
 
Мұның соңы - интернет желісі мен журналист-блогерлерді тұтастай бақылауға, кез-келген сөзің үшін қылмыстық жауапкершілікке тартып, түрмеге қамауға ұласатыны аян. Бұлар кез-келген жақпаған адамды қамаудың, аузын буудың алғышартын жасап жатыр!
 
Депутаттың постының астында біраз пікірталас жасап көрмек болдым. "Мұндай заңды осы уақытқа дейін қабылдамаған АҚШ пен Еуропа елдері ақымақ та, сіздер ақылдысыздар ма?" деп сұрағам. "Ақымақтық жаппай тәртіпсіздікке рұқсат бергендік" деп жауап беріпті.
 
Оның айтуынша, осы заң жобасы қабылданса, барлығымыз бірдей мәдениетті болып кетеді екенбіз!
Құдай-ау, мәдениет дегеніміз - жеке адамның мораль мен, этикасына байланысты ғой! Үйде, мектепте, жоғары оқу орнында балалар мен жастарға дұрыс тәрбие бер! Оқыт, үйрет, көрсет! Мәдениетті боп қалыптаспағанын көрерсің!
 
О заман да бұ заман, жеке адамның мәдениетін криминализация жасаған демократиялық елді көрдіңіз бе? Бізде онсыз да журналистерді болмашы нәрсе үшін азаматтық іске және қылмыстық жауапқа тартатын баптар жеткілікті! Онсыз да қаншама адам, қаншама журналист осындай "ұр да жық" солақай саясаттың кесірінен сотталып кетті. Сотталып та жатыр!
 
Автократия мен тоталитаризмге "тойып алған" елдер сондай шығар. Ал біздің ұстанған бағытымызға бұл қаншалықты сәйкес келеді? Егер, Жаңбыршын елді автократия мен тоталитаризмге сүйрегісі келсе, онысын ашық айтсын!
Өз басым, Жаңбыршинның ұсынысына үзілді-кесілді қарсымын!"деп жазды журналист. 
 
Барлық жаңалықтар