Яков Милатович Қазақстанға сапары екіжақты дипломатиялық байланыс орнағанына 20 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанына мән берді

Яков Милатович Қазақстанға сапары екіжақты дипломатиялық байланыс орнағанына 20 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отырғанына мән берді

Черногория Прeзиденті Қазақстанға келген іс сапарында екі елдің достығы жайлы сөз қозғады деп жазады Democrat.kz.


– Бұл сапар саяси тұрғыдан екі ел арасындағы сенім деңгейі жоғары екенін байқатады. Оның іскерлік бөлігіне жауапты Экономикалық палата да сапардың мазмұнды өтуіне мүдделі. Сауда палаталары арасында қол қойылатын Өзара түсіністік туралы меморандум тығыз экономикалық ықпалдастыққа тың серпін береді деп санаймын, – деді Черногория Президенті.

Оның айтуынша, Қазақстан визасыз режим қолданылатын елдердің қатарына кіреді.

– Біз қазір Еуропа Одағына мүше болу үдерісінің соңғы кезеңіндеміз. 2028 жылы Одақтың толық мүшесі боламыз деп үміттенеміз. Бұл Черногория мен Қазақстан арасындағы серіктестікті нығайтатын тағы бір алаң болмақ, – деді Яков Милатович.

Тараптар өзара сауда көлемін ұлғайту, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру сияқты экономиканың басты секторларындағы ынтымақтастықты арттыру мүмкіндіктерін қарастырды.

Сонымен қатар мемлекеттер басшылары екі елдің туризм, жоғары білім және ғылым салаларындағы серіктестігін, мәдени-гуманитарлық байланыстарын ілгерілетуге уағдаласты. Бұл бастамалар халықтарымыздың достығы мен өзара түсіністігін нығайта түседі.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Ұлттық кітапханасы жанынан Абай орталығын ашуға ықпал еткені үшін Яков Милатовичке ризашылығын білдірді.

Бұдан бөлек, президенттер жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Барлық жаңалықтар