Алматы қаласы, Алатау ауданына қарасты Қарасу ықшамауданының тұрғыны Игіліков Жақсылық өздері тұрып жатқан жердегі мешіт имамының сорақы әрекеттерін әшкерелеп, жаға ұстарлық жағдайды жайып салды деп жазады Democrat.kz.
Жақсылық Игіліков Қарасу ықшамаудандағы "Мырзахмет" мешітінде болып жатқан масқара тірліктерді бүкпесіз айтып: "Мешіттің іс басқарушысы Әуелбеков Сұлтан он бес жылдан бері сол жерде жұмыс істейді.
Мешітіміздің асхана мен екі футбол алаңын қаржы көзіне айналдырған Әуелбеков Сұлтан соңғы үш жылдың ішінде төрт қымбат көлік ауыстырды.
Асхана мен футбол алаңдары ешқандай қорға өтпеген. Ешбір кәсіппен айналыспайтын Әуелбеков Сұлтан кассаларға тек өз адамын қойған. Әуелбеков Сұлтанның ешқандай зайырлы, діни білім де жоқ.
Соған қарамастан, жамағаттың намазын өткізіп, неке қиып, астарды жүргізеді.
Мұнан басқа, мешіттің имамы Ахметов Мәди айда бір рет қана жұма намаз өткізуге келеді.
Осы екі кісі, Сұлтан мен Мәди былтыр Құрбан айтта қой сатушылардан әр қойдың басына екі мың теңгеден ақша сұраған. Ал биыл ол сома төрт мың теңгеге көтеруді жоспарлаған. Қой сатушылар шағым жасады. Бұған дәлелдеріміз бар", дей келе мәселе бойынша арыздарын Бас мүфти мен Алматы облысының діни басқармасына жолдағанын айтты.
Өкінішке қарай, жамағаттың арызын қараған Алматының бас имамы Төлеби Оспан арызға қол қойған кісілерді шақыртып, психологиялық қысым жасаған.
"Арызға қол қойған кісілердің бәрі болмай, үш кісі болып, шақырған жерге бардық. Барсақ, ол жерде біздің жамағаттан жеті адамды алдын ала әкеліп қойған. Ол жеті кісі Әуелбеков Сұлтанның жанында бірге моншаға барып жүргендер. Үш сағат бойы он үш адам маған қысым жасап "осы жерде осы мәселені жабайық" деп, мені Умраға қажылыққа жіберуге уәде берді. Мәмілеге келейік, шағымды тоқтатайық дегендерімен келіспедім", деген Игіліков Жақсылық ауылдарындағы мешіттеріндегі масқара тірлікті тоқтатуды сұрап, тиісті органдардан көмек сұрады.