"Ислам республикасын құлатып, жаңа Иранды құрайық!" деді Иран шахының ұлы

"Ислам республикасын құлатып, жаңа Иранды құрайық!" деді Иран шахының ұлы

Иран оппозициясының басшысы, Иран шахының ұлы, бүгінде АҚШ-та тұратын Реза Пехлеви Иран халқына үндеу жасады. Ол былай дейді:

«Құрметті халқым! Ислам республикасы өзінің соңына жетті және құлаудың алдында тұр. Хаменеи қорқақ тышқан іспеттес жер астына тығылып, жағдайды толық бақылаудан шығарып алды. Басталған процесс енді тоқтамайды. Біздің болашағымыз жарқын және тарихтың бұл бетбұрысын бірге өтеміз. Осы ауыр күндері менің жүрегім Хаменеи қателігі мен жауыздығынан жапа шеккен, қорғансыз азаматтармен бірге. Мен жылдар бойы отанымызды соғыс оты шалмау үшін барымды салдым. Ислам Республикасының соңы — Иран халқына қарсы 46 жылдық соғыстың соңы. Режимнің репрессиялық аппараты көз алдымызда күйреп жатыр. Бұл қорқыныштан мәңгі құтылу үшін бәріміздің көтерілісіміз ғана қажет. Қазір әрекет ету уақыты. Иранды өзімізге қайтаратын уақыт келді. Бендер-Аббастан Бендер-Энзелиге дейін, Шираздан Исфаханға дейін, Тебризден Захеданға дейін, Машһадтан Ахвазға дейін, Шехре-Кордтан Керманшахқа дейін барлығымыз көшеге шығайық. Бұл режимге нүкте қояйық. Ислам Республикасы құлағаннан кейінгі күндер үшін алаңдамаңыздар. Иран азамат соғысына немесе тұрақсыздыққа ұрынбайды. Бізде Иранның болашағына арналған нақты жоспар бар. Біз алғашқы жүз күнге, өтпелі кезеңге және Иран халқының қолымен құрылатын ұлттық-демократиялық үкіметті орнатуға дайынбыз. Мен Иран Қарулы күштеріне, құқық қорғау органдарына, қауіпсіздік қызметкерлеріне және мемлекеттік қызметшілерге үндеу жолдаймын: құлауы басталып, енді қайтпайтын режимді сақтау үшін Иран халқына қарсы тұрмаңыздар. Бұл шіріген жүйе үшін өз өмірлеріңізді құрбан етпеңіздер. Халық жағына өтіп, өмірлеріңізді сақтап қалыңыздар. Ислам Республикасынан кейінгі өтпелі кезеңге тарихи үлес қосыңыздар. Болашақ Иранды бірге құрайық. Алда бізді еркін әрі гүлденген Иран күтіп тұр. Жақын арада сіздердің араларыңызда боламын деп үміттенемін. Иран жасасын, Иран халқы жасасын!» Жалпы Аятолла Хаменеи режимі үлкен дағдарысқа тап болды. Әскері Израильге қарсы тұра алмауда. Әскери сәтсіздік саяси дағдарысқа ұласатынын, ал саяси дағдарыс режимге қарсы төңкеріске бет алатынын жақсы түсінеді. Иран билігі 1979 жылдан кейінгі ең қауіпті сәтке келді. Тіпті Иран-Ирак соғысында режимге дәл осындай қауіп төнбеген шығар. Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, журналист-сарапшы. Фото интернеттен.
Барлық жаңалықтар