Италиядағы мұражайдан Қайта өрлеу дәуірінің сирек туындылары ұрланды

Италиядағы мұражайдан Қайта өрлеу дәуірінің сирек туындылары ұрланды

Италиядағы мұражайлардың біріне 15 тамыз күні кешке белгісіз адамдар кіріп, күзет пен дабыл жүйесін өшіргеннен кейін Қайта өрлеу дәуіріне тиесілі төрт ағаш панельді алып кеткен. Ұрланған жәдігерлер арасында Антонелло да Мессинаның Сан-Грегорио полиптихіне тиесілі бөліктері де бар деп жазады Democrat.kz.

Италияда Қайта өрлеу дәуірінің аса сирек өнер туындылары сақталған мұражайға ұрылар түсті.

Мәдениет мекемесі дирекциясының мәліметінше, 15 тамыз күні кешке белгісіз адамдар ғимаратқа кіріп, күзет жүйесі мен дабылды істен шығарған. Кейін олар арнайы витринаны бұзып, бірнеше құнды жәдігерді алып кеткен.

Ұрланған туындылардың қатарында Сан-Грегорио полиптихінің бес панелінің үшеуі және екі жақты ағаш панель бар. Оның бір бетінде Мадонна мен сәби, екінші жағында Христос бейнеленген.

Мұражай өкілдері қылмыскерлердің полиптихті толығымен алып кетуге үлгермегенін хабарлады.

Қазір оқиға орнында мамандар мен құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Ұрлықтың қалай ұйымдастырылғаны және қылмыскерлердің мұражай қауіпсіздік жүйесін қалай өшіргені анықталуда.

Сан-Грегорио полиптихі кезінде жергілікті монастырь үшін жасалған. Туынды ұзақ тарихында бірнеше рет зақымданып, кейін реставрациядан өткен. Соның ішінде 1908 жылғы жойқын жер сілкінісінен кейін елеулі түрде бүлінген.

La Repubblica басылымының жазуынша, ұрланған екі жақты ағаш панель бұған дейін Лондондағы Christie’s аукцион үйінен сатып алынған.

Антонелло да Мессина шамамен 1429–1479 жылдары өмір сүрген және Сицилиядағы ерте Қайта өрлеу дәуірінің ең көрнекті суретшілерінің бірі саналады.

Ұзақ уақыт бойы оның туындылары арал аумағынан шығарылмаған. Тек кейінгі жылдары ғана көрмелерге қатыстыру мақсатында басқа елдерге әкетіле бастаған.

Бүгінге дейін суретшінің шамамен 40 туындысы сақталғаны айтылады. Оның еңбектері халықаралық өнер нарығында аса жоғары бағаланады.

Мәселен, жақында Sotheby’s аукцион үйінде Антонелло да Мессинаның ағашқа салынған «Тікенді тәж киген Христос» («Ecce Homo») туындысы 12 миллион долларға сатылған.

Ұрланған панельдердің нақты құны әзірге жарияланған жоқ. Алайда олардың тарихи және мәдени маңызы ақшаға шаққандағы бағасынан әлдеқайда жоғары екені анық.

Барлық жаңалықтар