Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде Иманғали Тасмағамбетов пен оның басқа кісілермен телефонда сөйлескен дыбыстық жазбалары көптеп шығуда деп жазады Democrat.kz.
Телефонда сөйлескен өзара әңгімеде Иманғали Тасмағамбетовтің экс елбасының әйелі Сара Алпысқызының мәселесін қалай шешкенін білуге болады.
Бірінші дыбыстық жазбада Тасмағамбетовке өзі хабарласқан Сара Алпысқызы кезінде жеке иелігінде болған Алматыдағы ірі ғимаратты алғысы келетінін айтады.
Өз кезегінде Тасмағамбетов: "Қайрат, маған Сара Алпысқызы хабарласып, кезінде Жібек жолында рухани орталығы мен дүкені болыпты. Кейін ол оны сатып, ақшасын қорға құйған екен.
Қазір ол соларды қайта алғысы келеді. Түсінікті ғой, ол оны Тимурға сатты, ал Тимур басқаға сатты. Маған осыларды анықтап берші. Маған осылардың барлығын анықтап берші.
Қазір ол ғимарат кімнің иелігінде, нарықтағы бағасы қанша екен, біліп берші" деп бұйырады.
Әлеуметтік желіде тараған бұл дыбыстық жазбаға қатысты жұрт "халықтың емес, өздерінің шаруаларын шешіпті", "Тасмағамбетовті президент болсын дегендер, тыңдаңдар", "неткен тойымсыздық" дегенге саятын пікірлер жазып, қызу талқылауда.