Израиль-Иран соғысы: Иранның мүмкіндігі жоқ

Израиль-Иран соғысы: Иранның мүмкіндігі жоқ

Израиль Иранның аумағына кіріп, Иранның зымыран ату қондырғылары мен әуе қорғаныс жүйелеріне соққы жасап жатқан видеоларды сағат сайын шығаруда. Ал Иран тарапы «Израильдің F-35 ұшағын атып түсіріп, ұшқышын тұтқындадық» деген ақпаратты жариялады.

Бір емес үш ұшағын құлаттық дейді. Алайда әлеуметтік желіде жарияланған бір-екі фото болмаса, әзірге басқа нақты дәлел ұсынбады. Әдетте соғысып жатқан елдер бұрынғы бір соғыстың фотоларын алып, ұсынатын сәттер болады. Сондықтан да видео күтіп отырған жайым бар. Ал Израильдің Иран аумағына кіріп, соққы жасап жатқан видеоларына қарап мынаны түсінуге болады. Израиль Иранның әуе кеңістігінде басымдыққа ие болуда. Иранның әуе қорғаныс жүйелері қарсыластың ұшақтары мен барлау және соққы жасау дрондарына нәтижелі түрде қарсы тұра алмауда. Бәлкім кей тұста әуе қорғаныс жүйелері толық істен шығарылған. 2024 жылы Израиль Иранның біршама әуе қорғаныс жүйесіне соққы жасаған еді, соның да әсері болса керек. Иранда авиация қашанда үлкен мәселе болған. Иранның авиациясы ескі. Санкцияға байланысты жаңа жойғыш ұшақтар алу қиынға соғуда. Жүк таситын әскери ұшақтары да тым ескі. Яғни әуе шайқастарында Иранның осал тұсы көп, ал алыс қашықтыққа соққы жасауда онда тіпті мүмкіндік аз (жоқ десе де болады). Израильде керісінше алыс қашықтыққа соққы жасауда үлкен мүмкіндік бар. Соңғы үлгідегі ұшақтар, ұшақтарды әуеде жанармаймен қамтамасыз ету ұшақтары, заманауи радар, спутниктік жоғары байланыс, дәлдік жүйелері және басқа. Түсінікті етіп айтатын болсақ, Израиль ұшақтары бірнеше елдің аспаны арқылы Иранға ұшып жетіп, соққы жасай алады. Ал Иранның авиациясында ондай мүмкіндік жоқ. Иран зымырандар мен дрондарға арқа сүйейді. Алайда қарсыластың әскери әлеуетін шынайы әлсірету үшін бұл аздық етеді, шынайы әлсірету үшін қарсыластың аумағына кіру керек. Онсыз дәл соққы жасау қиын. Барлау дрондары онлайн режимде нысанаға бағыттауы қажет. Спутниктен жасалған соққылардың нәтижелігін бақылау керек. Бұл мүмкіндіктер Иранда жоқ. Егер Иран жақын аралықта Израильдің авиациясын өзінің әуе кеңістігінен шығара алмаса (шығаруы екіталай), ал Израиль ұшақтары Иранның зымыран ату қондырғылары мен әуе қорғаныс жүйелеріне, әскери қоймаларына соққы жасауды дәл қазіргідей жалғастырса, онда жақын аралықта Иран әскері дезориентация күйіне түсуі ықтимал. Эмоцияларды ысырып қойып, салқынқанды түрде жағдайға реалды көзқараспен қарасақ жағдай осылай. Субъективті ой, келіспеуге құқылысыз. Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, журналист - сарапшы. Фото интернеттен.
Барлық жаңалықтар