Израиль - Иран соғысы: Израиль әуе шабуылын үдетті

Израиль - Иран соғысы: Израиль әуе шабуылын үдетті

14 маусымда күндіз Израиль Иранға қарсы операция ауқымын кеңейтеді деп мәлімдеді Израиль премьер-министрінің кеңесшісі Дмитрий Гендельман. Оның сөзінше, ондаған негізгі нысандарға соққы жасалмақ, арасында баллистикалық ракета қондырғылары, әскери базалар мен стратегиялық инфрақұрылымдар бар.

"Ұзақ жылдардан бергі барлау жұмыстары мен соңғы айлардағы деректер Тегеранның Израильді жоюды жүйелі түрде жүргізіп жатқанын растайды. Біз өз қауіпсіздігіміз бен өмір сүру құқығымыз үшін батыл әрекет етеміз" деп жазды Гендельман телеграмда. Бұдан кейін Иран ақпарат құралдары елдің солтүстік-батысында жарылыс болғанын жазды. Mehr агенттігінің хабарлауынша, Тебризде қатты жарылыс естілген. Болжам бойынша, Израиль авиациясы ондағы мұнай зауыты мен халықаралық әуежайға жақын жатқан әскери базаға шабуылдаған болуы мүмкін. Иран әуе қорғаныс жүйесі сонымен бірге Тебриздің оңтүстігіндегі Мераге ауданын атқылаған. Онда ислам революциясы сақшылар корпусының барлау базасы орналасқан. Тебриздегі мұнай өңдеу зауыты мен әуежай 13 маусымда "Қайратты арыстан" операциясы аясында да шабуылға ұшыраған еді. Fars агенттігі Иранның батысындағы Хорремабад пен Керманшах қалаларында жарылыс болғанын жазды. Сенбі күні Иран билігі Израильдің сенбіге қараған түнгі шабуылынан тағы екі жоғары лауазымды тұлға опат болғанын хабарлады. Мемлекеттік арналардың хабарлауынша, барлау қызметі бастығының орынбасары, генерал Голамреза Мехраби және жедел басқарма бастығының орынбасары, генерал Мехди Раббани қаза болған. Екі тарап та бір-біріне атысты тоқтатпаса, жағдай күрделенеді деп сес көрсетті. БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Иран мен Израильді жағдайды ушықтырмауға шақырды Израильдің Ирандағы ядролық нысандарды бомбалауы. Иранның Тель-Авивке ракета шабуылы. Жағдайды ушықтырмаңдар. Тоқтатыңдар. Бейбітшілік пен дипломатия үстемдік етуі керек деп жазды X желісінде. Айта кетейік, қазіргі уақытқа дейін Иранның Тебриз, Тегеран сынды үлкен қалаларына ауқымды шабуыл жасалып, қалалар бомбаланған. Мұнан бөлек, Израиль тарапы әуе шабуылын күшейтуде. Фото интернеттен.
Барлық жаңалықтар