Әлеуметтік желіде Бурабай аудандық білім бөлімінің қызметкерлері мен бірнеше мектеп директоры жұмыс уақытында жағажайда демалып жүргені туралы видео тарады. Видео авторы олардың демалыс орнына қызметтік көліктермен келгенін мәлімдеді деп жазады Democrat.kz.
Оқиғаға қатысты тексеру жүргізген Ақмола облысының жауапты органдары бейнежазбаның 19 маусым күні түсірілгенін растады.
Тексеру барысында демалып жүрген үш білім бөлімі қызметкері мен үш мектеп директорының сол күні жыл сайынғы еңбек демалысында болғаны анықталған. Ал қалғандары жалақы сақталмайтын демалысқа шыққан.
«Олардың демалысы қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты болмаған және жеке бастамасымен ұйымдастырылған. Сонымен қатар видеода болды делінген аудандық білім бөлімінің басшысы, бас бухгалтері мен әдістемелік кабинет меңгерушісінің сол күні жұмыс орындарында болғаны анықталды», – делінген ресми жауапта.
Алайда тексеру қызметтік автокөліктердің жеке мақсатта пайдаланылғанын растады.
Осыған байланысты Баянбай ауылындағы мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның мектебінің теңгерімінде болған «Газель» автокөлігі пайдаланылған. Сондай-ақ өзіне бекітілген Kia Seltos көлігінің пайдаланылуына байланысты әдістемелік кабинет меңгерушісі де жауапқа тартылған.
Бұдан бөлек, қызметтік көліктердің пайдаланылуын тиісті деңгейде бақыламағаны үшін Бурабай аудандық білім бөлімінің басшысына сөгіс жарияланды.
Мемлекеттік органның мәліметінше, барлық білім беру ұйымдарының басшыларымен мемлекеттік мүлікті жеке мақсатқа пайдалануға жол берілмейтіні жөнінде қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Енді Бурабай ауданында қызметтік автокөліктердің пайдаланылуына бақылау күшейтіліп, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ішкі мониторинг шаралары енгізілмек.
Бұл туралы мемлекеттік органның Informburo сауалына берген жауабында айтылды.