Ақтөбе облысының тумасы, әлеуметтік желіде «Бағдагүл сынықшы» атымен танылған сынықшы әрі емші Бағдагүл Лепесова Мұхтар Жәкішевтің қызының үйлену тойына қатысты пікір білдіріп, оның отбасын қатаң сынға алды деп жазады Democrat.kz.
Ол жариялаған видеоүндеуде қызының таңдауы туралы айтып, Мұхтар Жәкішевтің әрекетін сынап, қазақтың ар-намысы мен ұлттық құндылықтарына қатысты өткір пікірлер айтты.
Сондай-ақ Жәкішевке қарата ауыр сөздер айтып, оның бұл шешімімен келіспейтінін жеткізді.
"Мына қыздың ұзату тойы сұмдық жарнамаланып жатыр. Бұл масқара ғой! Ұлттық құндылығымызды жойып жатыр.
Анау қасындағысы мұсылман емес қой! Намыс жоқ ол жерде отырған еркектердің. Бұндай қыздарды бүкіл нәрседен бас тартқызу керек", деген Бағдагүл сынықшы үкіметке де, өзге ұлтқа тұрмысқа шыққан қыздарға да тіл тигізді.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Мұхтар Жәкішевтің қызының қара нәсілді азаматқа тұрмысқа шыққаны туралы ақпарат пен тойдан түсірілген кадрлар кеңінен тараған болатын. Сондай-ақ Алматыда өткен құдаларды қарсы алу рәсімінен түсірілген видеолар да жұртшылық арасында қызу талқыланды. Аталған шараға Мұхтар Жәкішевтің өзі де қатысқан.
Мұхтар Жәкішев — Қазақстандағы атом өнеркәсібін басқарған белгілі менеджер, бұрынғы «Қазатомпром» ұлттық компаниясының президенті. Ол 2009 жылы қамауға алынып, бірнеше жыл түрмеде отырғаннан кейін қоғамда кеңінен танылған тұлғалардың біріне айналды.