Әділетсіздікке көнбеген мұғалімдер өз құқықтарын талап етіп, билікке үнін жеткізу мақсатында маңызды қадамға барды. Виктория штатындағы мұғалімдер төрт жылға ұсынылған 28,3 пайыздық жалақы өсімінен бас тартып, ереуіл өткізуге дайындалуда деп хабарлайды Democrat.kz.
Австралияның Виктория штатында мұғалімдердің 51,18 пайызы штат үкіметі ұсынған жаңа еңбек келісіміне қарсы дауыс берген. Ұсыныста төрт жыл ішінде жалақыны 28,3 пайызға көтеру және жиналыс уақытын қысқарту қарастырылған.
Алайда кәсіподақ үш жылда 35 пайыз өсім талап етіп отыр. Мұғалімдер жалақымен бірге шамадан тыс жұмыс жүктемесін, күрделі қажеттілігі бар балаларға қолдаудың жеткіліксіздігін және мектептердің толық қаржыландырылмауын мәселе етіп көтерген.
Ереуіл 23 шілдеге жоспарланған. Мектептер ресми түрде жабылмайды, бірақ бірқатар сабақ тоқтауы немесе қысқартылуы мүмкін. Викторияның білім министрі мұғалімдерді ереуілден бас тартып, келіссөзге оралуға шақырған. Штаттың білім департаменті ереуіл кезіндегі мектептердің жауапкершілігі мен оқушылар қауіпсіздігіне арналған тәртіпті жаңартқан.