Жалған дипломмен педагог сарапшы болып алаңсыз жүр

Жалған дипломмен педагог сарапшы болып алаңсыз жүр
Қоғам белсендісі Нұржамал Реметова Түркістан облысындағы білім саласындағы былыққа қатысты тағы бір жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
 
"Жалған дипломды педагог-сарапшы төңірегіндегі былыққа кім жауапты?
 
Түркістан облысының білім саласындағы қолды болған қаржы туралы істің нүктесі әлі қойылған жоқ. Облысқа қарасты 17 білім бөлімінің тексеріс жүрген 8 ауданынан ұрланған қаржы 12 миллиард теңгеден асады, ал қалған 9 білім бөлімі неге тексерусіз қалғаны, ол аудандарда қаржы ұрланғаны немесе ұрланбағаны жұмбақ боп тұр.
 
Екі жылдан бері осы білім саласынан ұрланған ақша ел аузында жыр боп жүрсе де, кейбір басшылар осыдан әлі сабақ алмаған сыңайлы.
 
2024 ж қаңтар айында Жетісайдағы Т.Рысқұлов мектебінің директоры "М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті" әкімшілігіне Сатыбалдиева деген мұғалімнің осы университеттен алған дипломының түпнұсқалылығын растап беруді сұрап сұраныс хат жолдайды. Ал, университеттен "Сатыбалдиева 2014 жылғы бітірушілер тізімінде жоқ," деген жауап келген екен.
 
Жауапты оқыған директор Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысының м.у.а.Ш.Адайбековке 26.02.2024 ж осы жалған диплом жөнінде мәлімет жолдайды да, ауданның білім бөлімінен ресми жауап болмағандықтан, 29.03.2024 ж Жетісай аудандық полиция бөлімінің бастығы А.Сапарбеков пен Түркістан облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы Г.Алматовқа осы жалған диплом бойынша заңды шара көруді сұрап хабарлама жолдайды.
 
Бірақ аталмыш мекемелердің ешқайсысынан шара көру немесе шара көргендігі туралы ресми жауап болмаған.
 
Егер мен қателеспесем, мемлекеттік мекемеден жалақы алып отырған мұғалімнің дипломы жалған екені анықталса мұғалімнің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сол диплом бойынша алған біліктілік санаты жойылуы, алған жалақысы өндірілуі керек емес пе еді?
 
Менің айтқаным дұрыс па, Айгуля Касымбекова ханым?
Жалған дипломды педагог-сарапшы туралы хабарлама алған мекемелердің басшылары неге заңға сәйкес шара көрмеді? Мұны қалай түсінеміз? Қызметтік салғырттық дейміз бе, жоқ, әлде қылмысты жасыру дейміз бе?
 
Осы мекемелердің әрекетсіздігі себебінен Сатыбалдиева әлі күнге дейін сол мектепте жұмыс атқарып, педагог-сарапшы санатымен жалақы алып отыр.
 
Мемлекеттік бюджеттен осы күнге дейін педагог-сарапшының санатына жалақы төленіп отырғаны үшін кім кінәлі? Төленген ақшаны қазынаға кім қайтарады?
Мұғалімнің заңға қайшы әрекеті жайлы құзыретті мекемелерге хабарлама жолдаған, бірақ олардан ешқандай жауап, ұсыныс, әрекет болмағандықтан Сатыбалдиеваға шара көрмеген директор кінәлі ме?
 
Өз құзыреттері аясында ешқандай әрекет етпеген білім бөлімі, полиция бөлімі және білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы ма?" Деп жазды Нұржамал Реметова.
Барлық жаңалықтар