Наурыз мерекесі кезінде қабылданған Жаңа Халық Конституциясы табиғатқа қамқорлықты қоғам дүниетанымының басты қағидаларының бірі ретінде бекітті. Құжатта бірлік, жасампаз әрі жауапты патриотизм, сондай-ақ әр азаматтың ел дамуына жеке үлес қосуы негізгі құндылықтар ретінде айқындалған. Конституция бағыт-бағдар береді, ал оны жүзеге асыру нақты істерден бастау алады.
Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мөлдір бұлақ» бастамасы мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасын іске асыру аясында «Жаңа адамдар» ауқымды экологиялық акция ұйымдастырды. Елдің әр өңірінен жиналған 1000-нан астам белсенді Үлкен Алматы өзенінің жағалауын тазалап, ерекше форматта — диджей әуенімен — 20 тоннадан астам қоқыс жинады.
Бұл шара экологиялық мәдениетті заманауи форматта насихаттаудың тиімді үлгісіне айналды. Акция бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланып, қоғамның экологиялық жауапкершілікке деген қызығушылығын арттырды. Мұнда тек аумақ тазалығы емес, ниет тазалығы да маңызды екені көрсетілді.
Сонымен қатар, шара барысында «Жаңа адамдар» ерекше дизайны бар көп рет қолданылатын бөтелкелерді таныстырды. Бұл бастама бірреттік пластикті азайтуға бағытталған жаһандық үрдісті қолдауға негізделген. Мұндай шешімдер тұрақты өмір салтын қалыптастырып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтады.
Адамның табиғатқа көзқарасы оның ішкі ұстанымымен тығыз байланысты. Барлығы қарапайым әрекеттерден — назар аудару, бейжай қарамау және жеке жауапкершілікті сезінуден басталады. Адам өз еңбегі сіңген дүниені бағалайды, нәтижесінде «бөтен» емес, «менікі» деген түсінік қалыптасады. Бұл өз кезегінде сақтау мен дамытуға деген ұмтылысты арттырады.
«Мөлдір бұлақ» бастамасы бұлақ көздерін, өзен-көл жағалауларын тазарту, аула мен саябақтарды ретке келтіру сияқты нақты істермен жалғасып келеді. Өз үлесін қосу — саналы таңдау. Осы арқылы адам сырттай бақылаушыдан өзгерістердің белсенді қатысушысына айналады. Нәтижесінде жеке жауапкершілікке негізделген жасампаз патриотизм қалыптасады.