Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы жаңа Конституция күні алдағы референдум өтетін 15 наурызға белгіленуі мүмкін екенін айтты. Оның айтуынша, бұл дата алдағы референдум өтетін күнмен сәйкес келуі ықтимал, деп жазады Democrat.kz.
Әшімбаев Сенат кулуарында сөйлеген сөзінде мереке Конституцияның күшіне енген күніне емес, қабылданған күніне белгіленуі тиіс екенін атап өтті.
«Қабылданған күн мен күшіне енген күн – екі бөлек ұғым. Өтпелі ережелер жобасында Конституцияның қабылданған күні көрсетілген. Ал ол – 15 наурыз», – деді ол.
Сенат төрағасы түпкілікті шешім референдум нәтижесіне байланысты болатынын жеткізді. Оның сөзінше, егер азаматтар жаңа Конституцияны қолдаса, онда мерекелік күн де 15 наурыз болып бекітілуі мүмкін.
«Азаматтар өз ұстанымына сай дауыс беруге құқылы. Референдум халықтың пікірін білу үшін өткізіледі. Егер қолдаса, бізде жаңа Конституция болады әрі Конституция күні 15 наурыз болып белгіленеді», – деді Мәулен Әшімбаев.