Жаңа Құрылтай қалай жасақталады?

Жаңа Құрылтай қалай жасақталады?

Құрылтай 145 депутаттан тұратын жоғары өкілді орган ретінде құрылуы мүмкін деп хабарлайды Democrat.kz. сайты Ertenmedia.kz.-ке сілтеме жасап.

«Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасында жаңа органның құрамы, сайлану тәртібі және өкілет мерзімі бөлек көрсетілген.

Құжатқа сәйкес, Құрылтай депутаттары пропорционалды жүйе бойынша аумақтық сайлау округтерінен және біртұтас жалпыұлттық сайлау округінен сайланады.

Жобада депутаттар жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдалатыны жазылған. Яғни Құрылтайдың саяси құрамы сайлау нәтижесі арқылы қалыптасады.

 

Құрылтай депутаттарының өкілет мерзімі бес жыл деп белгіленген. Алайда мерзім сайлау күнінен емес, жаңа құрамның бірінші сессиясы ашылған сәттен бастап есептеледі. Сол күннен бастап депутаттардың конституциялық өкілеті іске қосылып, алдыңғы шақырылымның жұмысы аяқталады.

Құжатта Құрылтай өз жұмысын сессияларда, тұрақты органдарында және депутаттардың бірлескен қызметі арқылы жүргізетіні көрсетілген. Демек жаңа орган тек пленарлық отырыспен шектелмей, комитеттер, комиссиялар, депутаттық бірлестіктер арқылы жұмыс істейді.

Жобадағы 145 депутаттық модель саяси өкілдікті кеңірек қамтуға арналған. Бір жағынан, партиялық тізім логикасы сақталады. Екінші жағынан, аумақтық округтер арқылы өңірлік мүдде де Құрылтай мінберіне шығуы тиіс.

Заң жобасы қабылданса, Құрылтай елдегі заң шығару билігінің басты алаңына айналады. Оның саяси салмағы дауыс берген азаматтардың таңдауына, депутаттық құрамның сапасына және алғашқы сессиядан кейін қалыптасатын жұмыс тәртібіне тікелей тәуелді болмақ.

Барлық жаңалықтар