Жансая Әбдімәлік енді үнсіз қалмайтынын мәлімдеді

Жансая Әбдімәлік енді үнсіз қалмайтынын мәлімдеді

Қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік Бибісара Асаубаевамен арадағы дауға қатысты ұстанымын ашық айтып, болашақта мұндай жағдай қайталанса, заң аясында әрекет ететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Democrat.kz.

Ол бұл туралы Zamandas YouTube арнасына берген сұхбатында айтып, бұған дейін көп нәрсені жария етпегенін, алайда енді үнсіз қалмайтынын жеткізді.

«Сол кезде көп нәрсе айтылмай қалды. Негізі айтарым да, дәлелім де жеткілікті. Бірақ енді ондай жағдай қайталанса, мен дайынмын — адвокаттарым бар, бірден сотқа жүгінеміз. Себебі бұл жай ғана пікір емес, нақты жала. Мұны басқаша атау қиын. Кейде тіпті күлкілі көрінеді, бір тәуелділік секілді әсер қалдырады. Мен үш жылдан бері шахматтан алыстасам да, бұл тақырып әлі күнге дейін қозғалады», – деді ол.

Екі шахматшы арасындағы келіспеушілік бірнеше жыл бұрын басталған. Алғашқы шиеленіс 2021 жылғы ФИДЕ Әлем кубогынан кейін байқалса, 2022 жылы бұл тақырып ашық пікірталасқа ұласқан.

Кейінірек, 2023 жылы Нью-Делиде өткен жарыс кезінде де екі спортшының арасында пікір қайшылығы қайта өршіді. Осылайша, олардың арасындағы қарым-қатынас ұзақ уақыт бойы қоғам назарында болды.
Қазіргі таңда дау басылғанымен, Жансая Әбдімәлік мұндай жағдай тағы қайталанса, мәселені сот арқылы шешуге дайын екенін нақты жеткізді.

Барлық жаңалықтар