Астанада «Жаңа адамдар» қозғалысы жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Жануарларға мейірімді бол» акциясын ұйымдастырды. Триатлон саябағында үй жануарларының иелері, мамандар және жануарларды дұрыс күтіп-бағу мен олармен қауіпсіз қатар өмір сүру туралы ақпарат алғысы келген қала тұрғындары бас қосты.
Іс-шара аясында қатысушылар кинологтар мен ветеринария саласы мамандарынан кеңес алды. Бірнеше күшік жаңа отбасын тапты. Олардың жаңа иелеріне жануарлардың күтімі мен денсаулығына қатысты ұсыныстар беріліп, жауапкершілікпен қараудың негізгі қағидалары түсіндірілді.
Акцияның ерекше қатысушыларының бірі Пиксель есімді ит болды. Ол Қазақстанда остеоинтеграция әдісі арқылы протез сәтті орнатылған алғашқы ит ретінде таныстырылды. Пиксельдің оңалып, қалыпты өмірге оралуы оған емдеу мен оңалтудың әр кезеңінде қолдау көрсеткен адамдардың ортақ еңбегінің нәтижесі болды.
20 шілдеден бастап Қазақстанда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Жаңа нормалар үй жануарлары иелерінің жауапкершілігін арттырып, оларды күтіп-бағу және айналадағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қосымша талаптарды қарастырады.
«Жаңа адамдар» көшбасшысы Владимир Изюмников заң талаптарының орындалуы ең алдымен қоғамның жануарларға деген көзқарасына байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, жануарлардың адамға шабуыл жасау статистикасы олардың мінезінен гөрі адамдардың оларға қалай қарайтынын және өз жауапкершілігін қалай орындайтынын көрсетеді.