Жатақханадан орын ала алмай қалған студенттер кімнің көмегіне жүгінуі керек?

Жатақханадан орын ала алмай қалған студенттер кімнің көмегіне жүгінуі керек?

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің (QyzPU) базасында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жөніндегі Ситуациялық орталық дәстүрлі түрде жұмысын бастады, деп Democrat.kz. сайты Kazinform.kz-ке сілтеме жасап.

Алматы қаласы, Бөгенбай батыр көшесі, 142 мекенжайындағы университет ғимаратында ашылған орталықтың негізгі мақсаты — жатақханадан орын ала алмаған студенттерге жедел әрі тиімді көмек көрсету.

Жоғары оқу орындарының цифрлық платформалары арқылы жатақханадан орын брондап үлгермеген немесе орналасу барысында қиындықтарға тап болған білім алушылар Ситуациялық орталыққа тікелей жүгіне алады. Орталық мамандары әрбір өтінішті жедел қарап, бос орындар базасы арқылы тиісті жатақханалардан немесе серіктес ұйымдардан уақытша баспана ұсыну мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Жедел қызмет көрсету мақсатында орталықта сегіз толыққанды жұмыс орны ұйымдастырылған. Әрбір жұмыс орны заманауи компьютерлік техникамен, цифрлық деректер базасына қолжетімділікпен және бір мезгілде 10 қоңырауға дейін қабылдай алатын көпарналы байланыс жүйесімен жабдықталған. Бұл мамандарға қаладағы жоғары оқу орындарымен және жатақхана әкімшіліктерімен үздіксіз байланыста болып, студенттердің мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар орталық аумағында студенттер мен келушілер үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда өтініш берушілерге арналған күту және демалыс аймағы, оқу бұрышы, кофе-брейк аймағы, сондай-ақ жиналыстар мен жедел брифингтер өткізуге арналған конференц-зал жұмыс істейді.

Ситуациялық орталықтың мекенжайы:
Алматы қаласы, Бөгенбай батыр көшесі, 142.

Байланыс телефондары:
+7 (700-25) 5-14-43
+7 (700-95) 0-95-28
+7 (727-23) 7-01-70

Барлық жаңалықтар