Үкімет отырысының қорытындысы бойынша көлік министрлігі мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшылығының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті деп жазады Democrat.kz.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов жолаушылар пойыздарын жаздың соңына дейін интернет желісіне толық қосу жоспарланып отырғанын айтты.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда интернет Нұрлы жол — Семей пойызында іске қосылған, сондай-ақ Алматы — Павлодар, Павлодар —Түркістан және Нұрлы жол — Атырау құрамдарында терминалдар орнатылуда. Бұған дейін жаңа технологияның техникалық дайындығы Астана — Алматы және Астана — Өскемен бағыттарында Eutelsat OneWeb және Starlink жүйелерін пайдаланған екі пилоттық жоба арқылы расталған болатын.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жолаушылар пойыздарын интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жұмысты бастаймыз. Мен тек жолаушылар пойыздары, оның ішінде ұлттық тасымалдаушының пойыздары туралы айтып отырмын. Біздің жоспарымыз — жаздың соңына дейін негізгі бағыттарды спутниктік интернетпен қамтамасыз ету»,
— деді Әнуар Ахметжанов.
Дереккөз: Үкімет