Жылжымайтын мүлік нарығында риелторлардың қызметін реттейтін заңды жетілдіру керек деген журналист Ришат Асқарбекұлы риелторлардың бейберекет әрекеттері туралы айтты деп жазады Democrat.kz.
"Жылжымайтын мүлік нарығында риелторлардың қызметін реттейтін заңды жетілдіру керек.Салықтан жалтаратын көлеңкелі риелторлар мен маклерлерді қашанғы қорғаштауға болады? Үйді пайдаға сатсаң 10% салығыңды үкімет сығып тұрып алады. Бастан өткен. Ал риелтордан ала ма?
Риелторлық туралы бөлек заң жоқ. Салық, кәсіпкерлік және тұрғын үй қатынастары туралы заңдармен реттеледі. Құқықтық негіздеме жоқ болған соң клиент пен маклерлер арасында дау көп. Бұл салаға лицензия берілмейді. Сондықтан бейберекет әрекет етеді.
Ал пәтерді сатушыдан да сатып алушыдан да ақы алатын риелторлардың жеп жүрген наны адал емес. Үй іздеген сайын осы мәселеге тап боласың. Бір ұнатқан мүлкіңді алайын деп “Крыша” арқылы хабарлассаң, сумаңдап сол делдалдар алдыңнан шығады.
Сатушыдан мейлі алсын делік. Себебі оның пәтерін жарнамалау керек. Клиентке көрсету керек. Белгілі бір қызмет бар. Ал сатып алушыдан 500-600 мың теңге не үшін сұрайды. Егер жылжымайтын мүлікті ұнатып алам десең, заңдық күші жоқ бір договорын тықпалап, нервке тиеді.
Мейлі екі жақтан да алсын. Бір саудадан 1 млн теңге түседі. Алайда одан салық төлейтініне күмән басым. Жалпы ең жек көретінім осы делдалдар. Тіпті 100 -200 мың сұрасын. Енді айдаладағы біреудің пәтерін көрсеткені үшін 600 мың деген - ардан безгендік емес пе?! Сіз қалай ойлайсыз?" деп жазды Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ.