Әлеуметтік желіде танымал белсенді Ләззат Асанова Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ЖИ-мен жасалған суретін жариялап, жазба арнады деп жазады Democrat.kz.
Ләззат Асанова өзінің желідегі парақшасында Н.Назарбаевқа арнап жазба жариялап, тұңғыш президентттің денсаулығына қатысты ақ тілегін жеткізген.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі кезеңдерде ел тізгінін ұстап, мемлекеттің іргесін бекіту жолында еңбек еткен тұлғалардың еңбегі әрдайым тарих бетінде сақталады. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің қалыптасу кезеңінде экономиканы дамыту, халықаралық беделді арттыру және елорданы жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Қазақ елінің әлем картасындағы орнын айқындау жолындағы бастамалары мен тарихи шешімдері ел жадында қалары анық.
Халықтың алғысы мен ақ батасы – елге қызмет еткен азамат үшін ең үлкен марапат. Денсаулық – адамға берілген ең қымбат нығметтердің бірі.
Сондықтан ел ағасына ақжарма тілек айтып, саулық пен ұзақ ғұмыр тілеу – халқымыздың ізгі дәстүрі.
«Алланың сүйген құлы ел басқару ісімен айналысады» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Елдің амандығы мен бірлігі жолында еңбек ету – әр азаматтың қолынан келе бермейтін ауыр жүк. Сол жолда тер төккен тұлғаларға құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың парызы. Ел ішінде татулық пен тұрақтылық сақталып, мемлекетіміздің көк байрағы әрдайым биікте желбірей берсін. Ел үшін еңбек еткен азаматтарға Алла қуат, денсаулық, ұзақ ғұмыр нәсіп етсін», - деп жазды Ләззат Асанова.
Қоғам белсендісінің бұл жазбасы қызу талқыға түсіп, жұрт түрлі пікір білдіруде.