"Жемпірін иіскеп": Ақберен Елгезек ұлы жазушы Мағауин туралы естелігімен бөлісті

"Жемпірін иіскеп": Ақберен Елгезек ұлы жазушы Мағауин туралы естелігімен бөлісті

Жазушы Ақберен Елгезек қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауин туралы жылы естелігімен бөлісті деп жазады Democrat.kz. 

"Мына фотосуреттер Мұхтар Мағауиннің Кемердегі үйінде, жұмыс кабинетінде түсірілген.

Ұлы жазушының ұлтын шексіз сүйген махаббаты мен орасан еңбегінің тері сіңіп қалған жемпірін иіскеп отырып, ырымдап “Дардай” романының бірнеше бетін жазған едім.

Аллаға қайтардан бес-алты күн бұрын Мұхтар ағам телефон шалып: “Ештеңеден, ешкімнен қорықпа! Жаз, жаз! Түбі сен жеңесің!” деген еді. Сөйтсем, бақұлдасқан екен ғой, жарықтық.

Романды ағама оқытам дегем, үлгермедім. Одан бері бір жыл өте шықты. Мені ағамның әлгі сөз шынымен қамшылады. Еріншектігімді тіземе басып, алаңдататын кәкір-шүкір шаруаларды кейінге ысырып, табандап отырып, осы романды аяқтадым.

Мұхтар ағамның сөзі рас екен, адам өзін жазуға, еңбекке көндіру қажет, ірі іске өзін аямай жегу керек. Сосын ол әдетке, кейін “ауруға” айналады. Ал жазам деген адамға басқа ауру керек те емес.

Дүние өтер-кетер, артыңнан ел оқитын титымдай сөз қалса болды, басқа шаруа бізге мағынасыз. Сонымен, “жазбасам - маған серт, оқымасаң - саған серт” дедік те, романды ортаға тастадық.

Бұрын “Болмаған балалық шақ” кітабыңа малданып жүрсін” деп тиісетұғын ағайыннан романды оқып, пікір айтқанын күтеміз. Айтылып отырған еңбектің бағасы - 2 кофе немесе 1 пиццаның бағасындай-ақ. Кітап - Каспи дүкенде. Сатушы: ЖК “Bookstagram”. Мархабат!" Деп жазды Ақберен Елгезек. 

Барлық жаңалықтар