Бірнеше уақыт бұрын уағызшы Талғат Бақытұлы әлдебір жаназада "тәңіршілдерді мұсылманның зиратына жерлемеу керек" деп уағыз айтып, қоғамда қызу пікірталас болған еді. Осы мәселеге қатысты Нұрлан имам мен уағызшы Данияр Кенжеұлы да үнсіз қалмай, өз пікірлерін білдірді деп жазады Democrat.kz.
Еске салып өтейік, уағызшы Талғат Бақытұлы Қазақстандағы "мұсылмандар зиратына тәңіршілдерді жерлемеу керек, оларды бөлек зиратқа жерлеу керек" деген уағыз айтқан болатын.
Осы сөзға қатысты қазақ қоғамы дүр сілкінді десек, артық айтқандық болмас.
Өзін мұсылман, діндар санайтын кісілер "Талғат имам дұрыс айтты. Мұсылманның қасына мұсылманнан басқа ешкім жатпауы керек! Тәңіршілдер басқа жерге жерленсін! Қазақ екеніне қарамастан, Аллаға иман келтірмегендерді біздің зиратымыздан аулаққа жерлесін"деп атойлап шықты.
Мынадай аттандаған діндес бауырларының сөзіне қатысты танымал уағызшы, Нұрлан имам: "Жер молданың меншігі емес. Кімнің қайда жерленетінін Алла біледі. Небір пасық, небір оңбағандарды да жерлеп жатсыңдар ғой. Үкімет зират қойды ма, болды, жерлене береді", деді.
Алайда уағызшы Данияр Кенжеұлы имамның бұл сөзімен келіспейтінін білдіріп, арысы Абайдан бастап, дінді қорғап, тіпті Нұрлан имамға үкім айтпа деген ескертуімен күркіреді.
"Шариғи норма бойынша, мұсылманның қасына мұсылман емес адам жерленбейді. Шариғи үкім бойынша болмайды. Бұл шариғаттағы өзгермейтін қатаң қағида, қатаң ереже" деген Данияр Кенжеұлы мұсылманның зираты бөлек болуына қатысты тоқтаусыз сөйледі.
Десек те..."мұсылманның зираты", "шариғи үкім", "шариғатқа сәйкес", "Алланың жері" деп кеңірдектері жыртылғанша сөйлеп жатқан бұл кісілер Қазақстан деген мемлекеттің әлдебір шариғатпен, шариғи шарттармен өмір сүрмейтінін білмегені ме?
Шариғи үкімдерін қадап тұрып айтып отырған Данияр Кенжеұлы сонда Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілген заңдарға, талаптарға бағынбағаны ма?
Бәрінен де бұрын, "мұсылман зираты" деп меншіктеп отырған қауым "Қазақстан - қазақтың жері" деп белгіленген Ата Заңымызға және осы заң бойынша ел басқарып отырған Президентіміздің саясатына қарсы шығып отыр ма? Бұл қалай?
Дайындаған Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.