«Жомарт» кенішінде өндіріс өсіп, қауіпсіздік күшейді

«Жомарт» кенішінде өндіріс өсіп, қауіпсіздік күшейді

«Жомарт» кенішінде өндіріс көлемі артып, қауіпсіздік шаралары жүйелі түрде күшейтіліп жатыр, деп хабарлайды democrat.kz.

Бұл туралы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығының жұмыс сапары барысында белгілі болды. Компанияның өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакиров кенішке барып, өндірістік және инфрақұрылымдық бағыттағы өзекті мәселелерді талқылады.

Кездесу барысында тау-кен-капиталдық, үңгілеу және кен өндіру жұмыстарының орындалуы сараланды. Соңғы екі айда кен қорын ашу және дайындау жұмыстары оң нәтиже көрсеткен. Осы уақыт аралығында шамамен 600 қума метр ашу жұмыстары жүргізіліп, 1400-ге жуық дайындау қазбалары орындалған. Мамандар 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына қарай дайын қор көлемі айтарлықтай ұлғаятынын болжауда.

Кеніште қауіпсіздікке басымдық берілген. Аэрогаздық жағдайды бақылауға биыл 925 млн теңге бағытталды. Өзіндік жүретін техникалар метан-реле жүйесімен кезең-кезеңімен жабдықталуда. Бұл жүйе газ мөлшері нормадан асқанда қозғалтқышты автоматты түрде тоқтатады. Қазір бес техника осындай құрылғымен қамтылып, тағы он бір техникаға орнату жоспарланған.

Сонымен қатар стационарлық газ датчиктері орнатылып жатыр. Қауіпті деңгей тіркелген жағдайда олар энергия жабдықтарын автоматты түрде өшіреді. Қазіргі таңда бес датчик іске қосылып, тағы жетеуі орнатылмақ.

Кенішті дамытуға бөлінген инвестиция көлемі 2,7 млрд теңгеден асады. Бұл қаражат №3 желдету оқпанын тереңдетуге бағытталады. Жоба аясында оқпанды арқаулау және негізгі желдету қондырғысын іске қосу жоспарланған.

Бұдан бөлек, №1 және №2 желдету қондырғыларына жүргізілген күрделі жөндеу олардың толық жобалық қуатта жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Нәтижесінде шахтаға қосымша 200 текше метрге дейін таза ауа жеткізу қамтамасыз етілді.

Желдету жүйесін жетілдіру мақсатында диаметрі 2,5 метр болатын екі шурф қазылып, 156 метр тереңдікке дейін ауа беру жолға қойылған. Алдағы уақытта батыс және шығыс бағыттарда диаметрі 4,5 метр болатын тағы екі шурф қазу жоспарланып отыр. Олар 600 метрге дейінгі тереңдікте тиімді желдетуді қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ «СоюзГеоМех» ЖШС-мен бірлесіп, мамандарды оқыту және кеніштерде геомеханика саласындағы заманауи стандарттарды енгізу мәселесі қарастырылуда.

Барлық жаңалықтар