Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың "мектеп директоры қызметінде екі жылдан артық отырмауы керек" деген сөзіне қатысты танымал жазушы өз пікірін білдірді деп жазады Democrat.kz.
“Директор 2 жылда өзінің шеберлігін дәлелдеу керек” – деген сөздің тәржімасы мынандай:
1. Жаңа директор келеді. Не командасымен келеді, не мектепті тастай қып ұстап отырған орынбасарлардың орнын ауыстырады.
2. Екі жылда “әлденені” дәлелдеу үшін онсыз да екі өкпесін алып шауып жүрген мұғалімдерді аттай шаптырады.
3. Әр мектепте қалыптасқан дәстүр болады. Бір мұғалімнің әлеуметтік хал-ахуалы қиын; бір мұғалімнің мінезі басқаларға ұқсамайды, бірақ, басқа істе тым алғыр, т.б… Жаңа директорға бұл беймәлім.
4. Әр мұғалім жап-жаңа директордың үддесінен шығып, қағаз жүзінде, іс жүзінде танылып боламын дегенше тынымы кетіп, жүйкесі тозады.
Мектеп эксперимент лабараториясы да, доп тебу, допша тебу алаңы да емес. Ұжым. Ұжымда ең алдымен түсіністік болуы керек. Түсіністік жылдар бойғы зерттеудің нәтижесі мен қыруар еңбектің арқасында пайда болады.
Мектеп – баланың, баланың тәлімгері, оқытушысының әлемі. Мұндағы тыныштық өте қымбат. Түсінсеңіз, қағаз жүзіндегі мықтылар іс жүзінде баяу болуы мүмкін. Немесе, керсінше. Директор – зерттеуші.
Әр мұғалімнің икемі мен болмысын, талантын, өнерін, білігін зерттеп, танып алған. Әркімнің тілін табу да оңай құқай емес. Несін зерттейді, сабақ өтсе болды емес пе дей алмайсыз. Мұғалімнің тындыратын ісі сабақ өту ғана емес, күр мың.
Мысалы, көкбет, даукес, заң соққыш ата-ана мен анау-мынауға бағынбайтын бала, қаймықпайтын сынып болады. Мұндайдың майын шайқайтын кім, тілін табатын кім, жынын қағатын, баланы аман-есен мектептен шығаратын кім, директор мен орынбасарлар ғана біледі. Бұл екі жылдық көрегендік емес!
Директор екі жылда, тіпті төрт жылда бір жылпылдап ауыса берсе, мектептен береке кетіп, былық басталады. Онсыз да ауыса беретін білім министрлерінің бірін алып, бірін қосып өзгерте салатын әдетінің азабын мұғалімдер тартып отыр.
Білесіз бе, мұғалімдердің жүйкесі тозып, зорға жүр. Ал тыныштықты сақтап, бірін алдап, бірін түгіне қарай үтіктеп, енді бірін тиып ұстап отырған да, ақылға салып, сабырға жығып отырған да – ДИРЕКТОР мен ОРЫНБАСАРЛАРЫ.
Олар ше, шаршамады ма? Қайдағы. Мұғалім демалып жатқанда жоғарыға есеп дайындап, мониторинг жасап мектепте отыратындар – осылар,
директор мен орынбасарлар.
Тып-тыныш жүрген мұғалімдер шетінен атылады. Нағыз шу сонда басталады. Мұғалім құл да, бейшара да емес қой, директорын сыйламаса, сөзге тоқтау болмайды…
Жаңа директорды сыйлап, тыңдап, үйлесіп кету үшін, ұжымды сыйлап, тыңдап, үйлесіп кету үшін екі жыл да, төрт жыл да аз. Мысалы, 21 ғасырдың “роботы” болса да жаңа директор керек емес бізге!
Мектептің тыныштығын бұзбаған жөн!
10 жылдық ротациясын қабылдар ма едік, бәлкім. Онда да, ұжымның таңдауына салса, өзге емес, өзіміз шешер едік.
МЕКТЕП деген әлемді әдемі ұстап отырған директорларға тиіспегені жақсы, өкіметіме…", деп жазды Самал ЗІКІРИЯҚЫЗЫ.