Жұлым-жұлымы шыққан мектеп оқулықтары елдің қызу талқысына түсті

Жұлым-жұлымы шыққан мектеп оқулықтары елдің қызу талқысына түсті

Жаңа оқу жылы басталмай жатып әлеуметтік желіде мектеп оқулықтарының жағдайы тағы талқыға түсті. Желіде тараған видеода 5-сыныпқа арналған кітаптардың мұқабасы жыртылып, беттері ажырағаны, кейбірінің бұған дейін бірнеше рет скотчпен жамалғаны көрінеді, деп жазады Democrat.kz.

Видеода «Русский язык и литература», «Қазақ тілі» және басқа да 5-сынып оқулықтары көрсетілген. Бірінің мұқабасы мүжілген, екіншісінің түбі сөгіліп кеткен, үшіншісінің беттері скотчпен ұстатылған.

Желіде осы видеоға пікір білдірген мектеп кітапханашысы кейбір оқулықтардың 2017 жылдан бері қолданыста жүргенін айтып, мәселенің бір ұшын балалар мен ата-аналарға бұрған.

«2017 жылдан қолданыстағы кітаптар! Мектеп кітапханашысы ретінде айтамын: “жөндеп тапсырыңыздар” деп талап қоямыз. Алдым – дүлдүл қылып тапсырады. Тегін берілген оқулықтар болған соң қадағалау, ұқыпты ұстау деген жоқ. Өз ақшаларыңызға алсаңыздар, келесі жылы сатам деп балаға талап қояр едіңіздер. Скотч алып, жөндеп көріңіз!» – деп жазған ол.

Бұл пікір желідегі дауды одан әрі қыздырды.

«Мұғалім мұндай кітапты кітапханадан алмауы керек»

Кейбір ата-аналар жауапкершілікті түгелдей балаға жүктеу дұрыс емес деп санайды.

Желі қолданушыларының бірі:

«Мұғалім мұндай кітапты алмауы керек қой. Кітапханадан оқушыға не берерменде өт алмау керек», – деп пікір қалдырған.

Тағы бір қолданушы:

«Мектеп каталогы соны ауыстыруға неге тырыспайды?» – деп сұраған.

Яғни мәселе «бала кітапты неге жыртты?» деген сұрақпен ғана шектелмейді. Егер бір оқулық бірнеше буын оқушының қолынан өтіп, физикалық тұрғыдан пайдалануға жарамсыз жағдайға жетсе, оны қанша рет скотчпен жамай беруге болады деген сұрақ туындайды.

30 жылдық тәжірибесі бар кітапханашы не дейді?

Пікірталасқа өзін 30 жылдан астам еңбек өтілі бар кітапхана маманы ретінде таныстырған қолданушы да араласқан.

Ол кітапты сақтау жауапкершілігі алдымен ата-анаға жүктелетінін айтқанымен, видеодағыдай жағдайдағы оқулықты балаға өзі бермейтінін жазды.

«Кітапқа бірінші ата-ана жауапты, кітаптың аптасына сақталуын тексереміз. Бірақ тура осындай кітап бермеймін. Жылдың соңында осылай келеді: “алба, жұлба” боп келеді, қайтарып жіберемін, сынып жетекшісі түптеп, болмаса жаңадан алдырып береді. Бірақ мына кітаптар өте нашар, ұстауға жарамсыз ғой», – дейді ол.

Бұл пікір даудың екінші жағын көрсетеді: оқушы кітапты ұқыпты ұстауға міндетті, бірақ мектеп кітапханасы да физикалық тұрғыдан жарамсыз дүниені қайта айналымға жібере бермеуі керек.

«Мамырда кітап жамап, зорға жинадым»

Тағы бір пікір қалдырған ата-ана кітаптарды жөндеу жұмысының іс жүзінде ата-аналардың мойнына түсетінін айтып шағымданған.

«Қазіргі балалар мен ата-анаға сөзім жоқ. Мұжылып, сынып жетекшімнің кітабын өзім майда зарлатып зорға дегенде жинадым. Өз қалтамнан қойдым, мектепте отырып скотчтадым. Ата-анаға мамырдың 1-інен бастап “жыртылған жерін жөндеңіздер” деп айтамын. Бір-екі ата-ана ғана орындайтын», – деп жазған ол.

Осы пікірлерден-ақ мектеп кітапханаларындағы бір мәселенің бірнеше тарапқа бөлінгенін көруге болады.

Кітапханашы – баланы кінәлайды.

Ата-ана – мектеп неге тозған оқулықты береді дейді.

Ал мұғалім кей жағдайда екі ортасында қалып, кітапты өзі скотчтап отырады.

2017 жылғы оқулықтар әлі ресми тізімде бар

Democrat.kz бұл мәселеге байланысты Оқу-ағарту министрлігінің қолданыстағы оқулықтар тізімін де тексерді.

Қызығы – видеода сөз болған 5-сыныпқа арналған көптеген оқулық расымен 2017 жылы шыққан.

Мысалы, ресми тізімде 5-сыныпқа арналған «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Русский язык и литература», математика және жаратылыстану пәндерінің 2017 жылғы бірқатар басылымдары әлі де бар.

Демек, кітаптың 2017 жылы басылғаны автоматты түрде оны қолдануға болмайды деген сөз емес.

Бірақ мұнда екі нәрсені шатастырмау қажет: оқулықтың мазмұны ресми түрде қолдануға рұқсат етілуі мүмкін, ал нақты бір кітап данасының физикалық жағдайы пайдалануға жарамсыз болуы мүмкін.

Ереже бойынша тозығы жеткен кітаппен не істеу керек?

Қазақстандағы мемлекеттік мектеп кітапханаларына қатысты ресми қағидада бұл мәселе нақты көрсетілген.

Оқу жылының соңында оқулық қайтарылған кезде кітапханашы сынып жетекшісі және пән мұғалімімен бірге оның жағдайын тексеруге тиіс. Қажет болған жағдайда оқулықты жөндеу жұмысы ұйымдастырылады. Бұл жұмысқа оқушыларды да қатыстыруға рұқсат етілген.

Яғни әлеуметтік желіде айтылып жүрген «кітапты жөндету мүлде заңсыз» деген тұжырым дұрыс емес.

Бірақ ережеде ата-ананың міндетті түрде өз ақшасына скотч сатып алып, кітапты үйінде жөндеуге тиіс екені жазылмаған. Қағидада оқулықтарды жөндеу жұмысын кітапханашылар, сынып жетекшілері және пән мұғалімдері ұйымдастыратыны көрсетілген.

Одан да маңыздысы – жарамсыз кітаптарға қатысты талап.

Қағида бойынша жарамсыз жағдайға жеткен оқулық комиссияның актісімен есептен шығарылуы керек. Комиссия құрамына мектеп әкімшілігінің өкілі, кітапхана қызметкері және бухгалтер кіреді.

Сондықтан видеодағы кітаптардың нақты жағдайына байланысты негізгі сұрақ:

оларды тағы бір жыл скотчпен жамап оқушыға беру керек пе, әлде әлдеқашан есептен шығару қажет пе?

Мемлекет оқушыны кітаппен тегін қамтамасыз етуге міндетті

Тағы бір маңызды жайт – Қазақстандағы мемлекеттік мектеп оқушылары әлеуметтік жағдайына қарамастан оқулықтармен бюджет есебінен тегін қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл талап оқулықпен қамтамасыз ету қағидаларында тікелей жазылған.

Сондықтан мәселені «тегін алған соң қадірін білмейді» деген пікірмен ғана түсіндіру жеткіліксіз.

Иә, бала мемлекеттік мүлікке ұқыпты қарауы керек.

Иә, әдейі жыртып немесе бүлдірген кітап үшін жауапкершілік мәселесі болуы мүмкін.

Бірақ мемлекеттің де міндеті бар – оқушыға оқуға жарамды жағдайда оқулық беру.

Осы арада тағы бір қызық дерек бар. Жоғары аудиторлық палатаның оқулықтар мәселесіне жүргізген аудитінен кейін Оқу-ағарту министрлігіне оқулықтарды жаңартудың бес жылдық мерзімін сақтау тетіктерін жетілдіру тапсырылған.

Ал әлеуметтік желідегі видеода көрсетілген кітаптардың бірқатарының басылым жылы – 2017.

2026 жылға келгенде олардың жарық көргеніне тоғыз жыл болған.

Әрине, бір кітаптың 2017 жылы жарық көруі оның нақты данасы тоғыз жыл бойы үздіксіз қолданылды дегенді білдірмейді: кейінгі жылдары сол басылым қайта басылып немесе қосымша сатып алынуы мүмкін. Сондықтан видеодағы нақты кітаптардың қашан сатып алынғанын мектептің түгендеу құжаттарынсыз анықтау мүмкін емес.

Бірақ мұқабасы ажырап, беттері жыртылып, бірнеше жерінен скотчпен жамалған кітаптардың өзі басқа сұрақты алға шығарып отыр:

Мектептерде оқулық жетіспей ме, әлде тозған кітаптарды уақытында есептен шығару мен қорды жаңарту жүйесі дұрыс жұмыс істемей ме?

Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарды толғандырған мәселенің негізгі түйіні де осында.

Барлық жаңалықтар