Қазақстандағы жекеменшік мектептердің бірінде жұмыс істейтін Әсем атты педагог жыл сайын өздеріне берілетін кеңсе тауарларын көрсетіп, видео жариялап, кей әріптестерінің қызу талқысына түсті деп жазады Democrat.kz.
Әсем ұстаздың айтуынша, өзі жұмыс істейтін жекеменшік мектепте ақ қағаздан бастап, өшіргішке дейін тегін берілетінін айтып: "Біздің мектепте түрлі-түсті қалам,өшіргіш, қарындаштың түр-түрін, қарындаштың ұшын шығарғыш, стикерлер, кеңсе тауарын салатын ыдыс, түрлі желімдер, маркерлер мен тақта фломастерлері, гуашь, скотчтың түрлері, қайшы, шегелер, сызғыш және бума-бума ақ қағазды тегін береді"- деп видео жариялады.
Әсемнің бұл видеосы кей мұғалімдерді таңдандырса, енді кей мұғалім бүкіл оқу жылында кеңсе тауарларын өз ақшаларына алатынын айтуда.
"32 жылдан бері мектепте істеймін. Кеңсе тауары былай тұрсын, ең ақыры кабинеттің пердесіне дейін өзіміз аламыз", "оқушыларымнан түсіп қалған қаламдарды жинап алып, қолданамын", "барлық мектепте осылай тегін берсе ғой" дегенге саятын пікір жазған ұстаздар бір күрсініп алды.