Жұма намазының жұртқа кесірі тиюде: Бұл проблема қашан шешіледі?

Жұма намазының жұртқа кесірі тиюде: Бұл проблема қашан шешіледі?
Жұма намаздың проблемасы қашан шешіледі?
Жұма намаз, жалпы, мешіт атаулы жергілікті тұрғындарға проблема туғызып келе жатқанына біраз уақыт болды. Тіпті, мешіт жамағаты көшеге отырып намаз оқып, жедел жәрдем көлігін өткізбей жарты сағатқа қаңтарып қойған оқиға қоғамды қатты дүрліктірді.
 
Төмендегі екі видеоның бірінде жұма намазға келген жамағат машиналарымен кептеліс жасап, соның кесірінен автобустар өте алмай қалды. Екінші видеода ауруханада жатқан туысына киім-кешек, азық-түлік апарып бермек болған тұрғынның үйіне шақырған таксиі жұма намаздың кесірінен келе алмады.
 
Бұл мешіттердің халыққа тигізіп жатқан кесірлі проблемасының бірі ғана. Соңғы жылдары мешіттерде дауыс күшейткішпен азан шақырып, намаз оқып, уағыз айтатын болды. Күн демей, түн демей шулы зор дыбыс шығару мешіт айналасындағы тұрғындардың мазасын алып бітті.
 
Бұл проблема да талай мәрте айтылда да, жазылды да. Дегенмен, мүфтият та, билік те мешіттерге қатысты ешқандай шара қолданбай келеді.
Мешіттер мен мешіт жамағатының қиямпұрыс оспадар бұл қылығы Наурызбай Өтпенов ҚМДБ басшылғына келгелі бері тіпті күшейіп барады.
 
ҚМДБ-ның қысқа тарихына көз жүгіртсек, Наурызбай Өтпенов мүфтият билігін 2014 жылы қолына алған. Ержан Малғажыұлы, одан кейін Серікбай Ораз бас мүфти болғанымен, шын мәнінде мүфтият билігі наиб-мүфти Наурызбай Өтпеновтың қолында болды.
 
Наурызбай Өтпеновтің өзі мұсылмандардың соңғы екі құрылтайында да бәсекесіз бас мүфти болып сайланды. Сондықтан соңғы онжылдықтағы мүфтият пен оған бағынышты мешіттер мен медреселердің қазақ қоғамын әбігерге салып, діни ұйым тудырып отырған проблеманың төркінін дәл осы Наурызбай Өтпеновпен байланыстырсақ, әсте қателеспейміз.
 
Қоғам қайраткерлері, оның ішінде білікті дінтанушылар да бар, ҚМДБ-ға түбегейлі реформа жасап, діни ұйым басшыларының әрекетін Қазақстан заңдарына бағындыру жөнінде талай рет мәселе көтерді.
 
Басқа имамдар жөнінде айтпағанның өзінде, бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің ҚМДБ жарғысын аяқасты еткені, зайырлы Қазақстан заңдарына қайшы қаншама әрекеті әшкереленді. Н.Өтпенов бас мүфти болып тұрғанда ҚМДБ-да түбегейлі реформа жасаудың мүмкіндігі жоқ.
 
Бірақ, «баяғы жартас – сол жартас» - молдалардың өз бетінше өзгермейтіні бесенеден белгілі, ал мүфтиятты мәжбүрлеп реформалауға билік те беттемей отыр. Мұндай жағдайда қарпайым халықтың зардап шегетіні анық қой...
 
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Барлық жаңалықтар