Журналист Ботагөз Омарова көрінеу жалған ақпарат таратқанын мойындады

Журналист Ботагөз Омарова көрінеу жалған ақпарат таратқанын мойындады

Журналист «ВД Строй-Инжиниринг» компаниясы мен оның басшысы Азамат Үсімбековке қатысты бұған дейін жарияланған ақпараттарға байланысты ресми түсініктеме беріп, мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мойындады.

Мәлімдемеде 2026 жылдың 20 ақпаны мен 7 наурызы аралығында шыққан жарияланымдарда нақты тексерілмеген ақпараттар қолданылғаны айтылған.

Аталған материалдарда компания Астанадағы ат спорты кешенінің құрылысына қатысқан «Ремстрой-1» қызметкерлеріне төлем жасамады деген мәлімет тараған. Кейін журналист бұл деректердің жалған болғанын растады.

Оның сөзінше, компания тарапынан қарыздың жоқ екенін дәлелдейтін барлық құжат ұсынылған. Соған қарамастан материалдар жариялана берген.

Журналист өз мәлімдемесінде кәсіби журналистикадағы шынайылық, объективтілік және бейтараптық талаптарын сақтамағанын атап өтті. Сонымен қатар «Масс-медиа туралы» заңда көрсетілген қағидаларды елемегенін айтты.

Ол мұндай әрекетке аудитория назарын аудару және әлеуметтік желідегі белсенділікті арттыру ниеті себеп болғанын жеткізді.

Сондай-ақ жарияланған материалдардың компания мен оның құрылтайшыларының беделіне зиян келтіргені мойындалып, ресми кешірім жарияланды. Оқырмандарды жаңылыстырғаны үшін де өкініш білдірілді.

Журналист жалған ақпарат таратуға қатысты Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша жауапкершілікті түсінетінін айтып, болған жағдайға өкінетінін жеткізді.

Мәлімдеме соңында ол журналистерді ақпаратты мұқият тексеруге және кәсіби стандарттарды сақтауға шақырды.

Барлық жаңалықтар