Журналистердің бірін "өлтіріп", бірін "жезөкше" ету кімге не үшін керек?

Журналистердің бірін "өлтіріп", бірін "жезөкше" ету кімге не үшін керек?

Журналистердің телефон нөмірін жезөкшелер сайтына қосқан кім? Гүлнара Бажкенова «өлді» ме? 2023 жылы журналистерге шабуыл ұйымдастырған Аркадий Клебанов Дубайда тайраңдап жүр!!!

Биыл тәуелсіз журналистерге қарсы арандату әрекеті тағы да күшейді. «Ұлыс-медиа» сайтының жетекшісі Самал Ибраеваның суреті мен телефон нөмірін «Қыздар.нет» атты жезөкшелер сайтына салып қойған. Ал «Орда.кз» сайтының жетекшісі Гүлнара Бажкенованы «өлді» деп, оған «құлпытас» қойыпты (суретте). Көктемде әлдекімнен тапсырма алған арандатушылар «Тотал.кз» сайты журналистерінің телефон нөмірін де Павлодардағы жезөкшелер сайтына қойған, ал сайтқа DDoS шабуыл ұйымдастырған. Бұл сайт әлі DDoS шабуылдың өтінде тұр. Бұл жағдай Мәжіліс және мәслихат сайлауының қарсаңында, 2023 жылдың басында болған оқиғаны еске салады. Сол кезде журналист Д.Егеубаеваның машинасы өртелді, В.Борейко үйінің есігі желімденді, Г.Ерғалиева офисінің есігі қиратылды, С.Ыбраева мен Г.Бажкеноваға шошқаның бас секілді қаны тамшылаған мал мүшелері жолданды. Бұл қылмыстық істі кім жасағанын ол кезде полиция тез анықтады. Тапсырысты орындаушылар – кәмелет жасына толмаған 18 бозбала, оларға телеграм арқылы тапсырма берген Аркадий Клебанов пен Олексий Токарев (Украина азаматы, экс-киберполицей) ұсталды (суретте). Қызықтың көкесі мынада: О.Токарев жәбірленушілерге 3 млн теңге өтемақы төлеп, 4 жыл 6 ай шартты жаза алды. Ал журналистерге қарсы шабуылдың басты ұйымдастырушысы А.Клебанов психиатриялық кеселге ұшыраған деп танылып, ол жүйке ауруларын емдейтін арнайы мекемеге жатқызылған. Аркадий Клебанов - Сергей Маневичтің ұлы. Сергей Маневич атышулы Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың қылмыстық тобында болған, мемлекеттік төңкеріс жасау бабымен айыпталып сырттай 17 жылға сотталған. Шетелге қашып кеткен, оның өлі-тірісі белгісіз, сол кеткеннен ізім-ғайым жоқ болды. Маневичтің әйелі, яғни Аркадийдің шешесі олигарх Александр Клебановтың қарындасы. Аркадий сырттай сотталған әкесімен байланысын көрсетуді жөн көрмей шешесінің фамилиясына өтіп Аркадий Клебанов атанған. Бұрын олигарх Александр Клебанов пен Рахат Әлиев жақсы қарым-қатынаста болған. Александрдың әйелі Дарья Клебанова Дариға Назарбаеваның жан құрбысы еді. Сондықтан журналист Гүлжан Ерғалиева сайлау алдында жасалған журналистерге шабуылдаудың артында Дариға Назарбаева тұр деп мәлімдеген. Дегенмен, тергеу органы бұл қылмыстық іске Д.Назарбаеваны тартқан жоқ. Мен тәуелсіз журналистерге қарсы арандату күшейген тұста О.Токарев пен А.Клебановты қайта іздедім. 2023 жылы О.Токарев қазақстандық журналистерге шабуыл ұйымдастыру үшін А.Клебановтың өтінішімен Алматыға Дубайдан келгенін білеміз. Дегенмен, О.Токаревтің «ізін» Дубайдан да, Қазақстаннан да, Украинадан да таппадым – ізім-ғайым жоғалған. Ал Аркадий Клебановты Қазақстандағы жүйке аурулары мекмесінен іздеп жүрсем,.. ол Дубайда екен. Дубайдағы құпия дереккөзімнің мәліметінше, Аркадий Клебанов бай арабтардың машинасын сатып алып, оны ТМД елдеріне қайтадан сатады екен. «Қасында адуан оққағары мен саудагер көмекшісі бар, Аркадийді суретке түсіре алмадым, бірақ Дубайдағы тұратын үйінің адресін білем» деді дереккөз. Енді мені «Сот шешімі бойынша жүйке аурулары мекемесіне жатқызылған Аркадий Клебанов қалайша Дубайға кетіп қалған?!», «Журналистерге қарсы биылғы арандатуға оның қатысы бар ма?» деген күмәнді сұрақ мазалап жатыр. Эх, кілтипаны көп қу дүние-ай... Ораз ӘЛІМБЕК, журналист. Фото автордың парақшасынан.
Барлық жаңалықтар