Жұрт мақтаған Ләззат Танысбай жұрттың тілегін орындай ма?

Жұрт мақтаған Ләззат Танысбай жұрттың тілегін орындай ма?

Жағымпаздар бөсіре мақтаған Ләззат Танысбай «Евразиядағы «Қалаулымның» клонын құрта ала ма?

Таяуда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Евразия Бірінші арнасында» көрсетілетін «Қалаулымның» клоны іспетті «Қосылайық» (QosLike ) бағдарламасын қалайда жаппаудың амалын ойлап, сөзіне әзіл араластырып, қоғамдық наразы ойды манипуляциялап сөйледі. 

Сөзіне өтірікті де араластырды. Айтуынша, «Евразия» телеарнасы жекеменшік екен. «Өзіміз ақша бермегеннен кейін оларға тікелей талап (бағдарламаны жап деп) қоя алмаймыз» деді министр А.Балаева. 

Ал ақиқатына келсек, «Еуразия» телеарнасы Қазақстан бюджетінен қаржы алып келе жатқан телеарна. Дегенмен, «Евразияның» мәртебесі түсініксіз, ЖШС ретінде «Қазақстан» ҰТРК-ның құрамында да жүрді. Кейінгі кезде «Қазақстанға» бөлінген бюджеттен қаржы алған сияқты. Сондықтан министрдің «Евразияға» мемлекеттен «ақша бермедік» дегені жалған,  «Қалаулымның» клонын жабу жөнінде «тікелей талап қоя алмаймыз» деуі халықты алдау.
 

Оның үстіне, егер «Евразияның» ақшасы жоқ болса, онда бюджет қаржысын игеруді ғана білетін Ләззат Танысбай бұл телеарнаға бастық боп бармайды ғой.

Ол «күлшелі бала сүймекке жақсы» деген нақыл сөзді жақсы біледі. Мейлі, бұл медиа менеджердің жеке проблемасы.

Ал «Евразияға» бастық болып барған Ләззат Танысбай «Қосылайық» бағдарламасын жаба ала ма? Себебі, ол осы жолы «Қазаншының өз еркі - қайдан құлақ шығарса» дегендей еркін сілтеуге мүмкіндік алды ғой. 

Сондай-ақ, бұл мәселенің саяси шешімі баяғыдан бар -  Ақорда  «Қалаулым» сияқты бағдарламаларға «халқымыздың менталитетіне сай келмейтін, қазақтың салт-дәстүріне, ұлттық болмысымызға қайшы, шығыстық қалпымызға сәйкес емес» деген пәтуа берген болатын.

Соған сәйкес президент Тоқаев  халықтың наразылығын тудырып отырған мәселені реттеуді салалық министрге тапсырған.

Сол кезде «Евразия» телеарнасы «Қалаулымның» атын «Қосылайық» деп өзгерте салды да «ұлттық болмысымызға қайшы» хабарды одан әрі эфирде жалғастыра берді.

Енді «Евразияға» бастық болып келген Ләззат Танысбай Президенттің баяғыда берген тапсырмасын орындай ма екен? Әлде ол да министр секілді қазақ қоғамындағы наразы пікірді манипуляциялап тұншықтыруға тырыса ма?

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Барлық жаңалықтар