«Қазақмыс» кеніштеріндегі техника паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда. «Жыланды» және «Нұрқазған» өндірістік алаңдары жаңа Sandvik DL431 бұрғылау қондырғыларымен толықты, деп хабарлайды democrat.kz.
Заманауи жабдық жерасты кен өндіру жұмыстарына арналған. Оның көмегімен терең ұңғымаларды жоғары дәлдікпен бұрғылап, өндірістік процестердің тиімділігін арттыруға болады. Қондырғының автоматтандырылған жүйелері оператордың жұмысын жеңілдетіп, бұрғылау кезінде қажетті параметрлерді дәл сақтауға мүмкіндік береді.
Sandvik DL431 диаметрі 64–115 миллиметр болатын ұңғымаларды 54 метрге дейін бұрғылай алады. Электрогидравликалық жүйемен жабдықталған техника күрделі тау-кен жағдайларында жұмыс істеуге бейімделген.
Жаңа қондырғылар компанияның өндірістік қуаттарды кезең-кезеңімен жаңарту бағдарламасы аясында сатып алынды. Биыл «Қазақмыс» 22 бұрғылау машинасын алуға 9,9 млрд теңге бөлді. Жаңа техникалар кәсіпорындарға жоспар бойынша жеткізіліп жатыр.
Жабдықтарды жаңарту кен өндіру жұмыстарының өнімділігін арттырып қана қоймай, өндірістегі қауіпсіздік деңгейін көтеруге және қызметкерлер үшін қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыруға бағытталған.