Ақтаудағы Lemonade кафесінде болған оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. 31 желтоқсан күні сағат 22:52 шамасында диванға төгілген бір шәйнек шай жанжалға ұласып, соңы қыздың соққыға жығылуымен аяқталған, деп хабарлайды Democrat.kz. Sn.kz-ке сілтеме жасап.
Жәбірленуші қыздың айтуынша, кафе қызметкерлері диван ластанғаны үшін 14 мың теңге төлеуді талап еткен. Алайда ол бұл соманы төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін жанжал ушыға түскен.
Қыздың сөзінше, оқиға кезінде ең белсенді әрекет еткен ер адам өзін мекеме иесі деп таныстырған.
«Ол қолымдағы телефонымды жұлып алып, оны шығынның өтемі ретінде алып қалатынын айтты. Мені шашымнан сүйреп, еденмен алып жүрді. Мұның бәрі келушілердің көз алдында болды. Соңында мені далаға шығарып тастады — аяқ киімсіз, телефонсыз және жеке заттарымсыз қалдым», — дейді жәбірленуші.
Оқиғадан кейін қыз медициналық көмекке жүгініп, полицияға арыз жазған.
Жәбірленушінің айтуынша, бастапқыда сотқа дейінгі тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы 1-бөлігі («Ұрып-соғу») бойынша тіркелген.
Алайда кейін видеода көрсетілген ер адамға қатысты қылмыстық іс «қылмыстық құқықбұзушылық құрамы жоқ» деген негізбен тоқтатылып, жәбірленуші тарап ретінде сол ер адам танылған.
Ал дәл осы бап бойынша іс енді қыздың өзіне қатысты қозғалып, материалдар сотқа жолданғаны белгілі болды.