Әлеуметтік желіде мектепте оқитын баласы бар әйелдің жазбасы қызу талқыға түсті деп жазады Democrat.kz.
Жазбаның жалпы мағынасы мынадай: "Каникул кезінде мұғалімдердің кезекпен мектепке келіп, бірнеше сағат отырып кететінін көріп жүрмін.
Ал каникулда оқушылар үйде. Мен көпбалалы анамын. Мектептің жанында тұратындықтан, күн сайын мектептің ішінде 09- 00 ден 15-00-ге дейін жарық жанып тұрғанын көремін.
Каникулда мұғалім мектепте жүретін болса, онда балаларыма қарасын, мен балаларымды мектепке жіберейін. Осындай өтінішпен директорға да, Білім басқармасына да өтініш жаздым. Өтінішімді қабылдамады"деген әйел каникул бойы балалармен үйде отыру өте қиын екенін айтады.
Көпбалалы әйелдің бұл жазбасы әлеуметтік желіні "жарды" деуге болады.
"Мектепке емес, тіке мұғалімнің үйіне жіберсін де балаларын", "баланы мұғалім үшін туған ғой", "осындай нәрсе ойлайтын ғана миы барлар төрт, бес бала тауып жатыр", "мұғалімнің каникулдағы баласын кім бағады" дегенге саятын пікір жазған жұрт жағаларын ұстауда.
Дайындаған Мәриям КЕНЕСАРЫ.
