Кей банктердегі депозитке 20 млн теңгелік шек енгізілді

Кей банктердегі депозитке 20 млн теңгелік шек енгізілді

13 қыркүйектен бастап Қазақстанда базалық лицензиямен жұмыс істейтін банктер жеке тұлғалардан қабылдайтын депозит көлеміне шектеу қойылды. Теңгедегі жинақ салымының ең жоғары мөлшері 20 млн теңге болады, деп жазады Democrat.kz.

Жаңа талап Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 25 тамыздағы қаулысына сәйкес бүгін күшіне енді.

Шектеу Қазақстандағы барлық банкке қатысты емес. Ол тек базалық банк лицензиясымен жұмыс істейтін қаржы ұйымдарына қолданылады.

Мұндай банктерде теңгедегі жинақ депозитіне бір клиенттен ең көбі 20 млн теңге қабылдауға болады. Теңгедегі басқа депозиттер мен банк шоттарындағы қаражаттың шегі 10 млн теңге болады.

Шетел валютасындағы депозиттер мен шоттарға 5 млн теңгеге балама шек белгіленген.

Егер бір адамның бір банкте бірнеше депозиті немесе шоты болса, күн соңындағы барлық қаражатының жиынтық қалдығы 20 млн теңгеден аспауға тиіс.

Базалық лицензия негізінен банк нарығына жаңа кірген қаржы ұйымдары үшін қарастырылған. Ал әмбебап лицензиясы бар банктердегі клиент депозиттеріне бұл шектеу қолданылмайды. Қаулы базалық лицензиялы банктің активтерін де 500 млрд теңгемен шектейді. 

Барлық жаңалықтар