Қазақстандағы кейбір мектептер оқу жылының ортасында оқушының білімін бағалайтін "Күнделік" платформасынан "БілімКласс"-қа ауысуда деп жазады Democrat.kz.
Алматы өңіріндегі кей мектептер оқу жылының ортасында күтпеген жерден "Күнделік" платформасынан "БілімКласс" платформасына оқушылардың деректерін көшіріп жатыр.
"Күтпеген" деуіміздің себебі, бүгінге дейін алдын-ала ата- аналарға ескертілмегеніне қарамастан, сынып жетекшілер ІІІ тоқсанның басталуына бірер күн қалғанда, желі чаттарында "оқушы мен өзіңді тірке" деп жанталасуда.
"Нөміріңе смс келеді, баланың логинін тірке" деп уатсапп чаттар шулап жатыр.
Осы мәселеге байланысты әлеуметтік желілерде ұстаздар да бір-бірінен кеңес сұрап, "БілімКласстың" "Күнделіктен" айырмашылығын сұрауда.
Былтыр "БілімКлассқа" апыр-топыр ауысқан мектеп мұғалімдері бұл платформаның "Күнделікке" қарағанда тиімдірек екенін, ол жерде баланы бағалаудың өзіндік ерекшеліктері барын айтады.
"Бұрын 50% күнделікті бағалау, 50% БЖБ және ТжБ еді. "БілімКласста" керісінше балалар төмен қорытынды бағаларды ала бастады. Бір жағынан бұл дұрыс бағалау болуы мүмкін, бірақ балалардың мотивациясы төмендейді және оқуға деген құштарлығы да төмендеуі мүмкін" деген "БілімКластты" пайдаланып жүрген мұғалімдер алаңдаушылығын білдіруде.
Мұнан бөлек, "оқушылардың деректері қолдан қолға көшіп жүргенін" алға тартқан ата аналар балалары үшін алаңдап бастады.
Дайындаған Мәриям КЕНЕСАРЫ.